Өңірге қатысты үш жоба Үкімет отырысында талқыланды

Жыры бітпей келе жатқан жол мәселесіне нүкте қойылар күн жақын сияқты. Олай дейтініміз, Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жезқазған-Қызылорда, Жезқазған-Қарағанды және Жезқазған-Петропавл бағытындағы тасжолдарды қайта жаңарту мәселелері тағы талқыланды.

Олжас Бектенов кеңесте біздің өңірді оңтүстікпен байланыстыратын жолдың жөндеу жұмыстарын жеделдету үшін ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевқа тиісті тапсырмалар берді.
«Бүгінгі таңда жоба бойынша 8 мердігер ұйым анықталған. Тамызда олар вахталық қалашықтар салу, карьерлер дайындау сынды жұмыстарға кіріседі. Негізгі жұмыстар қыркүйек айында басталады» — деп атап өтті көлік министрі.
Бұдан басқа, дүниежүзілік банктің біздің елдегі тұрақты өкілі Андрей Михнев ұсынған баяндамаға сәйкес, олар ҚР Көлік министрлігімен бірлесіп, біздің өңіріміз үшін тағы бір маңызды жобаны, яғни, ұзындығы 572 шақырым болатын Жезқазған-Қарағанды автожолын қайта жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жалпы құны 1,2 трлн теңге болатын жо­ба 4 жолақты және 20 жылға арналған перс­пективалық қарқындылықты ескере отырып іске асырылатын болады. Осы жобаны іске асыруда нәтижелерге негізделген келісімшарттардың жаңа түрлерін пайдалану жос­парлануда. Мердігер жол инфрақұрылымын жобалауға, салуға және кейіннен күтіп ұстауға жауапты болады.
Қазіргі уақытта жолдың 7 учаскесі бойынша құрылыс жұмыстарын сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер басталды. Аталған жұмыстар биыл қыркүйекте, ал келісімшартқа қол қою 2024 жылдың қарашасына жоспарланған.
«Біз бұл жобаны ағымдағы жылдың қараша айында Дүниежүзілік Банктің Директорлар кеңесінің бекітуіне толық дайын болуын жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Андрей Михнев.
Орайы келгенде айта кетейік, Жез­қазған-Қарағанды күрежолын жаңғырту жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі-үш жыл бұрын айтқан болатын. Президент тапсырмасын орындау осынша уақыт сөзбұйдаға салынуын ел түсінбей дал еді. Енді оның да түйіні тарқатылатын болды.
Үкімет отырысында сөз болған тағы бір жоба – Жезқазған-Петропавл (Арқалық арқылы) тас жолы. Қазір оның бір учаскесінде (143-163 км) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл оны пайдалануға беру жоспарлануда. Ал, қалған екі учаскесінде (163-178 және 178-193 км) мердігер «АрмСтрой» ЖШС жөндеу жүргізеді. Дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың аяқталу мерзімі келесі жыл.
Автожолдың тағы бір учаскесіне (193-252 км) мердігер анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жұмыстарды 2026 жылы аяқтау жоспарлануда.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ