Өткен аптада Қаражал қаласының әкімі Тілектес ДОСАЕВТЫҢ қатысуымен актив жиыны өткізілді. Жиында Үкімет отырысында мақұлданданған «Ұлытау облысының 2022- 2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары» егжей-тегжейлі таныстырылды.
Алқалы жиынды ашқан қала басшысы кешенді жоспардың жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін хабарлап, келешектің кепілі болатын бұл маңызды құжатта 120-дан астам іс-шара қамтылғанын және оны іске асыру үшін 1,4 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарланғанын да айтып өтті.
Кешенді жоспарда Қаражал-Жәйрем өңірінің өрісін кеңейтуге қатысты да ауқымды шаралар бар. Оларды Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Кұлымбетов «жіпке тізіп» шықты.
– Жоспарға Қаражал-Жәйрем өңірінде өндірістің минералды-шикізат базасын кеңейту, индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік инфрақұрылым, экология және табиғатты пайдалану бағыттары бойынша қадау-қадау мәселелер енгізілген. Атап айтсақ, «Батыс Қаражал» кен орнының тау-кен жұмыстарын 10 шақырымға кеңейту, Қаражал қаласындағы «Үлкен Ақтай» кен орнында «INDJAZ» темір-марганец кенін қайта өңдеу, «Үшқатын» кен орнындағы шахтаны қайта жаңарту, «Өркен-Атасу» кәсіпорнындағы қосалқы станцияны жаңғырту кешенді жоспарда айқын көрініс тапқан.
Өңір тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу мақсатында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде кәріз желілерін қайта жаңарту, Жәйрем кентінде және Қаражал қаласында газбен жабдықтау желілерін, Жәйрем автоматтандырылған газ тарату станциясын және газ-бұру құбырын салу да елдің көкейіндегіні дөп басып отыр.
Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеру мақсатында Қаражал қаласында даму әлеуеті төмен моноқалалардың тұрғындары үшін жеңілдетілген қарыздар беру елдің келешекке деген сенімін серпілтер іс екені айтпаса да түсінікті.
Кешенді жоспарда өңірдің коммуналдық инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған жобалар да ауқымды. Мәселен, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және қайта қалпына келтіру («Қаражал-Атасу (0-28)»), облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу («Қаражал-Шалғия») өңірдің экономикасының артуына да өзіндік септігін тигізетін шара, – деді Досбол Бүркітұлы.
Баяндамашы өз сөзінде Жәйрем кентінде Оқушылар сарайын салу, Қаражал қаласындағы орталық аурухананың емханасы ғимаратын күрделі жөндеу, Қаражал қаласында жабық жүзу бассейні құрылысын аяқтау, Шалғия су қоймасының бөгеттерін күрделі жөндеу сияқты маңызды жұмыстар да кешенді жоспарда орын алғанын тілге тиек етті.
– Жалпы, кешенді жоспар аймақтың дамуына айтарлықтай серпін беріп, өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайтыны айқын, – деп түйіндеді өз баяндамасын Досбол Құлымбетов.