Өңірдің даму динамикасы жақсы

Аптаның басында аймағымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы жұмыс сапарымен келді. Мәжіліс спикерінің сапары облыс активімен, ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесуден басталды.

есуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ел ретінде тек алға ғана қарауымыз керек» деген жуырда ғана берген сұхбатындағы негізгі басымдықтарға назар аударды.

Кездесу барысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы облыс орталығындағы жылу, таза ауызсу мәселесін шешу жолында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өңір басшысы ҚР     Президентімен мақұлданған Жезқазғанға екінші ЖЭО салу жобасының биыл құжатын дайындау жұмыстары басталатынын айтты. Аталған жоба Жезқазған қаласының ғана емес, Сәтбаевтың да жылу мәселесін шешуге өз үлесін қосады.

Аймақ басшысы өз сөзінде өңірде 3600 орындық 6 жайлы мектеп салынып, перинаталдық орталық, спорт нысандары және жаңа тұрғын үй құрылысы жоспарланғанын да жеткізді.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлытау облысының құрылуы бүкіл ел үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

– Ұлытау облысы – өз алдына отау тіккен дербес, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму әлеуеті зор өңір. Облысқа тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 45 млрд теңгеге артып, 171 млрд  теңгеден асты. 67 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл өңірдің жақсы даму динамикасын көрсетеді. Сондықтан Президент, Парламент, Үкімет жаңа өңірдің дамуына ерекше көңіл бөледі, – деді Ерлан Жақанұлы өз сөзінде.

Мәжіліс төрағасы өңірге сапары қарсаңында Президент қабылдауында болғанын және Мемлекет басшысымен болған кездесуде Ұлытау өңірінің дамуы жайында да сөз қозғалғанын жеткізді.

– Президенттің шешімімен қайта жаңғырған Ұлытаудың өңір үшін ғана емес, ұлтымыз үшін де орны бөлек. Осыған орай Президент облыс басшылығына өңірде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар мен жаңа тұрғын үйлер салу туралы тапсырма берді, – деді Мәжіліс спикері.

Сапар барысында Ерлан Қошанов бастаған депутаттар аймақтағы бірқатар маңызды нысандарда болды. Жезқазған жылу электр орталығында жылу беру маусымының барысы мен кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары туралы есептерді тыңдады. Сонымен қатар, жылу электр орталығы қызметкерлеріне жылу және энергетика туралы жаңа заң жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтып, сұрақтарға жауап берді, энергетиктердің ұсыныстарын тыңдады. Жезқазған байыту комбинатында болып, Сәтбаев қаласындағы «Анненск» кенішіне түсті. Ерлан Жақанұлы кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлем енгізу және өндірістегі еңбек қауіпсіздігін күшейту жөніндегі түзетулер туралы айтып берді.

Ізтай Белгібайұлы