Өңірдегі өткір мәселелер талқыланды

Асқаралы алпысқа толған кенді өлкенің жаңа әкімі Айқын Елеусізов жуырда ғана қаламыздың мәдени-сауық орталығына халықтың басын қосып, тоқсандық есебін берген еді. Жасыратын несі бар, аймақтың жағдайы әлбетте, бұрынғыға қарағанда өзгерек. Өңірімізде білім, мәдениет, денсаулық сақтау, тұрғын үй, жол және коммуналдық салаларда небір мәселелер туындағанына қарамастан қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар да жетерлік. Қала бюджетінің қаржысымен салынатын ғимараттар саны да жылдан-жылға артуда. Алайда аймақтың тыныс-тіршілігін байқап, халықпен кездесуге өткен аптаның қасиетті жұмасында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, оның кеңесшісі  Тілектес Досаев және бір топ басқарма басшылары ат басын тіреді.

Ұлытау облысы әкімінің жұмыс сапары ең алдымен Жәйрем кентін аралаумен басталды. Өзекті мәселелердің бірі кенттегі кәріз желілерін қайта құру 2-кезек нысанын барып көрді. Аталмыш жұмыстың уақыты 2022-2024 жыл аралығында аяқтау керек екен. Қазіргі уақытта жоба кестеге сай жүргізілуде. Десек те, өңір басшысы қайта құру жұмыстарын аяқталғанша қатаң бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Жұмыс барысында Қаражал қаласындағы жабық жүзу бассейнін аралаумен жалғасын тапты. Сондай-ақ, орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратындағы күрделі жұмыстардың барысымен танысып, сапасын бақылады. Жобаны іске асыру 2023 жылдың мамыр айында басталып, нысанды пайдалануға 2024 жылдың маусым айында берілуі керектігін жергілікті билік өкілдері жеткізді. Облыс басшысының жұмыс сапары Қаражал-Жәйрем аймағының тұрғындарымен кездесумен жалғасты. Ең алдымен Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбеков сөз алып, өз баяндамасынан бастады. Ә деген бетте аймақтың кәріз желілері 100 пайыз тозығы жеткені туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің кәріз желілерінде кәріз тазарту құрылыстары жоқ, бұл экологиялық заңнаманы бұзу болып табылады. Осыған орай «Қаражал қаласының кәріз желілерін қайта жаңарту, 2-кезек» және «Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта жаңарту, 2-кезек» атты екі жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Қаражал қаласының кәріз желілерін реконструкциялау, 2-кезек» жобасы бойынша 4 кәріз сорғы станциясын реконструкциялау, өнімділігі тәулігіне 612,17 м3 модульдік кәріз тазарту құрылыстарын орнату және жалпы ұзындығы 33,96 км кәріз желілерін қайта жаңғырту қарастырылғанын да халыққа жеткізді. «Жәйрем кентінің кәріз желілерін реконструкциялау, 2-кезек» жобасымен 6 кәріз сорғы станциясын қайта жаңғырту, өнімділігі тәулігіне 803,37 м3 модульдік кәріз тазарту құрылыстарын орнату көзделген, сондай-ақ, жалпы ұзындығы 42,78 км кәріз желілерін қайта жаңғырту көзделген. Жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асырылу қажет. Бүгінгі күні жұмыс 50 пайызға аяқталғанын да жасырмады.

Сонымен қатар, айта-айта жауыр болған келесі мәселе бойынша Алмас Әлімбекұлы тәптіштеп түсіндірді. Яғни, бүгінгі күні Қаражал қаласы әкімдігінің атынан да Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің тұрғындарынан электр желілеріндегі төмен кернеу туралы және «Вест-2001» және «Энерготранзит компаний» ЖШС энергия беруші ұйымдарының әуе желілерінің, трансформаторлық қосалқы станцияларының авариялық жай-күйі туралы жиі арыздар түсуде. Жалпы желілердің тозуы 60-65% құрайды. Желілерді күрделі жөндеу жұмыстары көптеген жылдар бойы жүргізілген жоқ. Жоғарыда аталған жағдайлар бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан Ұлытау облысы бойынша атомдық энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаментімен жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама ұсынылғанын басқарма басшысы жеткізді. Серіктестіктерге қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 172, 300, 301-2-баптары бойынша әкімшілік істер қозғалды.

Келесі кезекте, аймақ тұрғындарының көптен күткен жаңалығы, яғни, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін газдандыру бойынша қазіргі уақытта «КАТЭК» ЖШС әзірлеген жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталды. Жобаның тапсырыс берушісі – «Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасы» ММ болып табылады. Жобалық құжаттамаға ведомстводан тыс сараптама аяқталғаннан кейін Ұлытау облысына тапсыру күтілуде.

Алайда, айтылған мәселе бойынша халық бірауыздан кәріз, ауызсу мен тұрмысқа қолданатын су жайлы, жол мәселесін баяндама аяқталсымен, жабыла сұрақ қойып, басқарма басшылары мен жергілікті билік өкілдерінен жауаптарын бірі алса, бірі сабырлық танытып, күтуін өтінді.

Келесі кезекте, Ұлытау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жомарт Бегаев аймақтың жол мәселесі бойынша баяндамасын оқыды. Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша облыстық маңызы бар «Қаражал-Атасу» 0-28 шақырым автокөлік жолының қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқандығынан бастады. Жобаның түзетуден кейінгі жалпы құны — 10,4 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда 6,5 шақырым қара қиыршық тас және ірі түйіршікті асфальтбетон төселді. Оған қоса көпірдің тіректерінің іргетасын орнату жұмыстары аяқталды. Облыстық маңызы бар «Қаражал-Шалғия» 76-81 шақырым (5 шақырым) автокөлік жолдарын орташа жол жөндеу бойынша 2023-2025 жылдарға 1 млрд 422 млн теңге қарастырылған. Мердігер тарапынан 5 шақырым қалыңдығы 6 см ірі түйіршікті асфальт жабынын төсеу жұмыстары жүргізілді. Қаржы 100 пайыз игерілгенін айта кетті. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар «Қаражал-Шалғия» автокөлік жолындағы су өткізу құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша 2023 жылғы 17 наурыз күні «Әлем Құрылыс Компаниясы» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Қазіргі таңда 5 дана су өткізу құбырларын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 100 пайыз игерілгендігін жасырмады. Облыстық маңызы бар «Қаражал-Шалғия» 81 шақырым, «Қаражал-Атасу» 28 шақырым, «Қаражал-Ақтау» 61 шақырым және «Қаражал-Жамбыл» 72 шақырым бағытындағы автокөлік жолдарын жалпы ұзындығы 242 шақырым жөндеу көрген.

Ендігі кезекте құрылыс, сәулет және қала құрылысы жайлы айта кетті. Жәйрем кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу,  Шалғия су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарын жасау,  сонымен қатар,  Қаражал қаласы ауруханасының инфекциялық корпусын күрделі жөндеуін келесі жылы аяқтау жоспарда бар екенін халыққа тәптіштеп жеткізді. Айта кетер жайт, Қаражал қаласы ауруханасының медициналық жабдықтарын сатып алуға да қаражат бөлініп, желтоқсан айында сол қаражат 100 пайыз игерілетінін де жеткізді. Дәл солай Жәйрем кенті ауруханасының медициналық жабдықтарын сатып алу туралы айта кетті.

Келесі кезекте аймақтың ең өткір мәселелерінің бірі Қылыш су қоймасының суын пайдалануға халыққа жеткізу. Аймақтың су қоймалары жайлы Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуат Имантүсіпов баяндама жасады. Ең алдымен, Қаражал қаласының Шалғия су қоймасына 2022-2023 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенінен бастады. Бұл жұмыстарға 329 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған нысан ағымдағы жылдың мамыр айында қабылданып алынды. Мақсаты — суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін арттыру болып табылады. Алдағы уақытта ауыл және балық шаруашылығын дамыту көзделуде екенін де жеткізді.  Бүгіннің өзінде «ULY DALA GO» ЖШС балық шаруашылығын дамытуды қолға алыпты. Сонымен қатар, Шалғия су қоймасының суын 1150 га жерге көпжылдық шөп, жоңышқа егу жоспарланып отырғанын айта кетті. Ол үшін топырақтан сынамалар алынып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаражал қаласының солтүстік шығысында орналасқан сыйымдылығы 11 млн текше метр Атасу (Қылыш) су қоймасы бүгінгі таңда апатты жағдайда тұрғанын тілге тиек етті басқарма басшысы. Санитарлық, экологиялық талаптарға сай еместігін де халыққа жеткізді. Ең соңында қаламыздың басшысы Айқын Елеусізов өзінің есебімен баяндаманы қорытындылады.

Әлбетте, кездесудің соңында халық облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы  мен оның командасына бірнеше сұрақтар қойды. Мәселен, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Мешітбай Омар ағамыз Қылыш су қоймасынан тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға су тарту және Қылышқа баратын тасжолын жөндеу жөнінде мәселе көтерді. Бүгінгі күні қала халқы Тұзкөл су қоймасынан келетін тұщы суды тұрмыстық қажеттілікке пайдаланып отырғанын және соның алдын алу шараларын қолға алуды Мешітбай аға ұсынды. Расымен, бұл мәселе жылдар бойы жауыр болғаны бәрімізге мәлім.

Сондай-ақ, Қаражал қаласында «Қазпошта» АҚ  мекемесі дер кезінде мерзімді басылымдарды уақытылы таратпауы, Қаражал қаласындағы электр энергиясының сапасының төмендігі (Электр энергиясының әлсіз кернеуі) туралы мәселесі, қала сыртындағы, яғни Қылыш пен Ақтай елдімекенінің жолдарының сапасы, Жәйрем кентіндегі технадзорлардың жұмысының сапасыздығы, тіпті жеке мәселесімен келген адамдар да болды. Әлбетте, шешілмейтін мәселе жоқ, оның да түйінін тарқатуды облыс әкімі мен басқарма басшылары қарастыратынын жеткізді. Жоғарыда айтылған барлық мәселе тек тұрғындарды ғана емес жергілікті билікті де алаңдатары анық.

Кездесудегі сөз қорытындысын Ұлытау облысының басшысы Берік Әбдіғалиұлы өзінің көмекшісі, өңіріміздің экс-әкімі Тілектес Досаевқа берді. – Мен алғаш осы өңірге Айқын Қылышұлы сияқты жаңа басшы болып тағайындалған кезімде, аймақта қырық шақты проблема бар еді. Алайда сіздердің қолдауларыңызбен біраз мәселені артта қалдырдық. Қазір қарап отырсам, саусақ санарлық қана мәселе бар екен. Тек сабырлылық пен төзімділік керек. Жақын арада барлық мәселелеріңіз шешілетініне нық сенімдімін, — деп сөзін әдеттегідей әдемі аяқтады. Халықтың разылығына кенелген адал басшыға аймақ тұрғындары қошемет көрсетіп, ризашылықтарын білдірді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы жоғарыда аталған жергілікті биліктің қызметіне оң баға беріп,  Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізовке сәттілік тіледі.

Мөлдір ОМАРОВА