Өңір өсім мен өрлеу жолында

Үкіметтің кезекті отырысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірдің 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасады. Әкімнің айтуынша, соңғы тоғыз айда өңір экономикасында тұрақты өсім сақталып, барлық негізгі салаларда оң динамика байқалуда.

ЭКОНОМИКА КӨРСЕТКІШТЕРІ – ТҰРАҚТЫ ӨСІМ ҮСТІНДЕ

Дастан Адайұлы өз сөзінде облыстың өндіріс және құрылыс салаларындағы ілгерілеуді нақты деректермен келтірді. Мәселен, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 24,6 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлытау облысы республикада көш бастап тұр. Сондай-ақ, көлік және қоймалау саласында – 22,9%, құрылыс – 9,3%, сауда – 4,6%, инвестициялар – 1% өсім байқалған.

– Бұл – мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру мен жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысының нәтижесі, – деді өңір басшысы.

ЖАҢА ЖОБАЛАР – ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ

Биыл өңірде жалпы құны 28,5 млрд теңге болатын 4 ірі жоба іске қосылды. Бұған қоса, 138 млрд теңгеге бағаланған 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың нәтижесінде 2 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытында Сәтбаев қаласында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құрылуда. Онда 13 млрд теңгенің 3 жобасы қолға алынған. Бұл – өнеркәсіптік секторды жандандырып, шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндік тудырады.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЭКОНОМИКАНЫҢ ТІРЕГІ

Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс емес. Үкімет пен министрлік қолдауымен 8 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, «Отбасылық ферма» бағдарламасы аясында өңірдің ауылдық округтерінде 13 мыңнан астам ұсақ мал сатып алынған.

Бұл бастама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жергілікті өндіріс пен ет бағытындағы фермерлік шаруашылықтарды дамытуды көздейді.

ТУРИЗМ МЕН ЛОГИСТИКАҒА СЕРПІН БЕРІЛДІ

Ұлытау өңірі – тарихи және рухани туризмнің орталығы. Соңғы уақытта бұл бағытқа тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 7 есеге өсіп, 1,9 млрд теңгеге жеткен. Осы жылы Ұлытауға 14 мыңнан астам турист, соның ішінде 600 шетелдік қонақ келген. Бұған қоса, өңірде жол және теміржол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда: «Жезқазған-Қызылорда» автожолының реконструкциясы, «Ұлытау-Арқалық», «Жезқазған-Қарағанды» бағыттарындағы жол жөндеу және ұзындығы 316 шақырымдық «Қызылжар-Мойынты» теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде.

Бұл жобалар өңірдің көлік-логистика әлеуетін арттырып, елдің батысы мен орталығын тікелей байланыстырады.

ТҰРАҚТЫ ДАМУ – БАСТЫ МАҚСАТ

Қорытындысында облыс әкімі инвестициялық және өндірістік әлеуетті арттыру, жұмыс орындарын көбейту және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағыттары алдағы уақытта да басты назарда болатынын атап өтті.

– Біздің міндет – әр саладағы тұрақты өсімді сақтау және халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатта барлық деңгейдегі билік пен бизнес өкілдері тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде, – деді Дастан Рыспеков.

Ұлытау облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан айқын серпін алған аймаққа айналды. Өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларындағы нақты жобалар – өңірдің болашағына бағытталған берік қадамдардың айғағы. Бүгінгі Үкімет отырысындағы есеп – ел мүддесі жолындағы еңбектің нақты нәтижесін көрсетіп отыр.