Өңір медицинасына жаңа серпін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауы елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына тың серпін беріп, өңірлердегі өзекті мәселелерге айқын бағыт сілтеді. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы – мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде ерекше назарда тұр. Президент өз сөзінде өңірлік медицинаны дамыту, ауылдық елді мекендердегі медициналық қызмет сапасын арттыру және азаматтардың денсаулығын қорғау ісін жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.

Қаражалда медициналық инфрақұрылым жаңаруда

Ұлытау облысының медицина саласы да Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру бағытында нақты жұмыстарды бастап кетті. Қаражал қаласында соңғы жылдары медициналық инфрақұрылымды жетілдіру ісі қарқын алған. Қалалық аурухананың жаңа зертханалық және диагностикалық құрал-жабдықтармен жабдықталуы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беруде.

Сонымен қатар, ауылдық округтерді қамтитын мобильді медициналық кешендер жұмысын жолға қою – халыққа алғашқы медициналық көмек көрсетудің тиімді тәсіліне айналды. Енді шалғай елді мекен тұрғындары да уақытылы тексеруден өтіп, қажетті кеңес ала алады.

Кадрлық әлеуетті арттыру – басты міндет

Президенттің тапсырмасына сәйкес, өңірде медициналық кадр тапшылығын жою бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Облыс әкімдігі тарапынан жас дәрігерлерге тұрғын үй беру, көтерме жәрдемақы төлеу және әлеуметтік қолдау көрсету тетіктері іске қосылған. Бұл – ауылдық медицинаға жаңа мамандар тартудың маңызды факторы болып отыр.

Соңғы жылдары елімізде жас мамандарды қолдау мен ынталандыруға айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта біздің Қаражал қалалық ауруханасында да бірқатар оң өзгерістер бар. Жас дәрігерлерге арналған тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме ақы төлеу және әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде соңғы екі жылда қаламызға алты жас маман келді.

Олар әртүрлі бағыттар бойынша жұмыс істеп, ұжымымыздың жаңа серпінмен дамуына өз үлесін қосып отыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Себебі, жас мамандардың келуі – тек кадр тапшылығын азайту ғана емес, сонымен қатар, жаңа идеялар мен заманауи көзқарастардың қалыптасуына жол ашады.

Біз алдағы уақытта да жас дәрігерлерге қолдау көрсетіп, олардың кәсіби өсуі мен тұрақтап қалуына бар жағдайды жасауды жалғастырамыз.

Цифрлық медицина – уақыт талабы

Қаражал өңірінде цифрлық денсаулық сақтау жүйесі де біртіндеп енгізіліп келеді. Телемедицина қызметі арқылы тұрғындар Ұлытау облысы Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасы мен республикалық орталықтардың мамандарымен онлайн кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл әсіресе, созылмалы сырқаттары бар науқастар үшін уақыт пен қаржы үнемдеудің тиімді жолы.

Халық игілігіне бағытталған қадам

Президент Жолдауында белгіленген бастамалар – тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, ел өмірін жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар. Өңір медицинасының дамуы – халықтың сенімін арттырып, елдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтады.

Ұлытау облысы мен Қаражал қаласының медицина саласында қолға алынған жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асыруға өз үлесін қосары сөзсіз.

Асан КАБУЛОВ,
«Қаражал қаласының ауруханасы» ШЖҚКМК бас дәрігері.