Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ «Казцинк» ЖШС Бас директоры Александр ХМЕЛЕВПЕН кездесіп, әлеуеті мен мүмкіндігі мол компанияның жаңадан құрылған облыс әкімдігімен өзара іс-қимылының бағыт-бағдарын, оның ішінде, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ базасында инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Екіжақты терең түсіністік ахуалында өткен әңгіме барысында тараптар облыс әкімдігі мен «Қазцинк» ЖШС арасында Жәйрем кентінде жолдарды, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды және тұрғын үй қорын жөндеуге байланысты демеуші ретінде қаржы бөлу жөнінде меморандум жасасу мәселесін жан-жақты қарастырды.
Сонымен қатар, іргелі өндіріс ошағы саналатын кенттің тыныс-тіршілігін талапқа сай қалыпты арнада ұстау мақсатында 4 арнайы техника алу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмысты биылғы жылдың қазан айында бастау жоспарланған.
Қазіргі таңда Жәйрем тау-кен байыту комбинатында 1 875 адам жұмыс істейді. Зауыт полиметалл кендерін өндірумен, өңдеумен және байытумен айналысады. Кентте 11 мыңға жуық адам тұрады.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің материалдары негізінде әзірленді.