Еліміздің тәуелсіздігі мен бейбіт өмірі үшін жанын аямай күрескен, соғыстан кейінгі жылдары ел болашағы – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге зор үлес қосқан ардақты ардагер, ұлағатты ұстаз Ермекбай Манаспаевтың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ерлік пен еңбекке толы ғибратты ғұмыр.
Ермекбай ақсақал 1913 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Талдыбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1930 жылы мұғалімдер курсынан кейін, сауатсыздықты жою науқаны аясында мұғалімдікпен бастаған. Кейін 1939 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, партия органдарында жауапты қызметтер атқарады.
1942 жылы Отан қорғауға аттанып, Ленинград қорғанысына қатысады. Ұрыс даласында саяси жетекші – парторг ретінде жауынгерлердің рухын көтеріп, алғы шепте ерлік көрсетті. Соғыста төрт мәрте жараланып, бір рет контузия алған. Ауыр жарақатынан кейін елге ІІ дәрежелі мү гедек болып оралады. Ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейінгі жылдары Ермекбай аға партия қызметінде және білім беру саласында табанды еңбек етті. Әсіресе, Жаңаарқа ауданындағы кеңшарлар мен Қаражал қаласының Ақтай кентінде мектеп директоры қызметінде ерекше көзге түсті. Сол жылдары тозығы жеткен мектептің орнына жаңа оқу ордасының салынуына себепкер болды. 1962 жылы Қаныш Сәтбаевқа жолданған тұрғындардың аманатын арқалаған хат нәтижесінде Ақтайда жаңа мектеп бой көтерді. Бұл – елге, білімге, ұрпақ болашағына деген шынайы жанашырлықтың айғағы еді.
Соғыста алған жарақаты, денесіне қадалған оқ жарықшағы оның жігерін жасыта алмады. Қолына таяқ алып жүрсе де, қоғам өмірінен шет қалмай, тынымсыз еңбек етті. Ақтай кентінде поселкелік кеңестің төрағасы, зейнетке шыққаннан кейін де ауылдың төресі, даулы мәселелердің әділ шешімін айтқан беделді ақсақал болды. 40 жылдан астам ұстаздық жолында талай шәкірт тәрбиелеп, елге танымал азаматтар өсіп шықты.
1995 жылы өмірден өткен Ермекбай ақсақалдың жарқын бейнесі ел есінде. Оның ерлігі мен еңбегі – мәңгілік. Бұл – ұрпаққа қалдырылған асыл мұра, елжандылықтың, ұстаздықтың, адалдық пен парасаттылықтың шынайы үлгісі.
Мешітбай ОМАРОВ,
Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.