Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халық алдында тұрақты түрде есеп беруі жөніндегі тапсырмасы аясында Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов халықпен кездесіп, І тоқсанда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Осы жолы Ескі Жәйремде болған жиынға кент тұрғындары, ақсақалдар, депутаттар, жергілікті қауымдастық мүшелері, мекеме және кәсіпорын өкілдері қатысты. Ашық форматта өткен кездесу билік пен халық арасындағы тікелей диалог алаңына айналды.
Есептік кездесуді ашқан Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов мұндай жиындардың негізгі мақсаты – тұрғындардың ой-пікірін тыңдау, көтерілген мәселелерге нақты жауап беру және шешім қабылдау екенін атап өтті. Оның айтуынша, әкім жұмысының тиімділігі халықпен кері байланыс арқылы бағаланады.
Кент әкімінің баяндамасында 2026 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер қамтылды. Әсіресе, бюджет қаржысының игерілуі, инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік сала мен абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Есепте кентішілік жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, сумен қамтамасыз ету және коммуналдық желілерді жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар баяндалды. Биыл бірнеше көшеде жол жөндеу жұмыстары басталып, кезең-кезеңімен аяқталатыны айтылды. Сонымен қатар, абаттандыру, санитарлық тазалық және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары да жоспарға сай жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында екі ірі жобаға қатысты мердігер ұйымдардың баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, ауа тіректі құрылым негізінде көпфункционалды спорт кешенін салу және ұнтақталған барит өндіретін зауыт құрылысына қатысты бірқатар сұрақтар қойылды.
Тұрғындар тарапынан өндірістің экологиялық қауіпсіздігі, көлік қозғалысының бағыты, шаң-тозаң мәселесі және жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселелері көтерілді. Жауапты өкілдер бұл жобалардың санитарлық және экологиялық талаптарға толық сай екенін, зауыттың қауіптілік деңгейі төмен санатқа жататынын, ал жұмыс орындарының басым бөлігі жергілікті тұрғындар есебінен алынатынын жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар әкімге тікелей сұрақтар қойып, ауыл ішіндегі өзекті мәселелерді көтерді. Олардың қатарында қоғамдық көлік қозғалысы, жол белгілерін орнату, жайылым жер тапшылығы, көпқабатты үйлердегі кәріз жүйесінің жағдайы, балалар ойын алаңдары мен коммуналдық қызмет сапасы мәселелері болды.
Әсіресе, Металлургтер көшесіндегі тұрғын үйлерге қатысты айтылған ұсыныстар назарға алынып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері әрбір мәселе орнында қаралып, заң аясында шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Жиын соңында әкім тұрғындардың барлық ұсынысы мен көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Көптеген сұрақтар бойынша түсініктемелер беріліп, бірқатар мәселелер бақылауға алынды.
Ашық диалог форматында өткен бұл кездесу тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімін арттырып, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нақты міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер Жәйрем кентінде алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
Теректі ШАҒАТАЙ.
