Халық пен билік арасындағы көпір

Биыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға, заман талабына сай тың реформалауды жүзеге асыруға, елімізде демократиялық құндылықтарды терең енгізуге зор үлесін қосып келе жатқан жергілікті мәслихаттарға 30 жыл толып отыр.

Жалпы, мәслихат дегеніміз не екенін, немен айналысатынын кез келген жан түсіне бермесі анық. Қарапайым халыққа түсініктірек болу үшін мәслихат халық пен билік арасындағы көпір, дәнекер дегім келеді.
Жалпы мәслихаттар немен айналысатынына тоқталар болсақ, мәслихаттар жергілікті бюджеттердің жобаларын бақылайды және дамудың барлық экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын бекітеді, облыс орталықтарынан басқа барлық дерлік аумақтық бірліктерді салу жоспарлары мен бас жоспарларын бекітеді, жер қатынастары мәселелерін реттейді (Қазақстанның жер заңнамасына сүйене отырып) және жылыту маусымдарын дайындау және өткізу қағидаларын, жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау қағидаларын, қала мен облысты абаттандыру жоспарларын, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету қағидаларын бекітеді, заң бойынша мәслихаттардың құзыретіне әкімдік қызметкерлерінің тізімін келісу, жергілікті әкімді сайлау, сенаторларды таңдау және т.б. міндеттер кіреді.
Мәслихаттар өз жұмысы туралы жылына кемінде бір рет халық алдында есеп беруге, сондай-ақ, азаматтарды қабылдау күндерін жүйелі түрде тағайындауға және жыл сайын кемінде төрт міндетті сессия өткізуге тиіс.
Бұл міндетті Қаражал қалалық мәслихаты да барынша атқарып келеді. Жылына міндеттелген сессиядан бөлек кезектен тыс сессиялар өткізіліп, халықтың талап-тілектері барынша талқыланып, шұғыл шешімдер шығарылып жатады. Ал осы мәслихатқа қарайтын депутаттарға халық мәслихат функцияларына кіретін барлық мәселелер бойынша, мейлі ол сіздің үйіңіздің жанындағы қуарған ағаштарды кесу, экологиялық немесе көлік жағдайы, заңсыз құрылыс салу немесе көше жарығының болмауы және тағы да басқа проблемалар бойынша жүгінуге болады. Халық ұжымдық немесе жеке қабылдауға жазыла алады, ұсыныстармен, ескертулермен және шағымдармен байланыса алады.
Мәслихат депутаттары арнайы бекітілген кестеге сәйкес жеке қабылдаулардан бөлек, жергілікті WhatsApp желісі топтары арқылы да тәуліктің 24 сағаты бойы халыққа қол жетімді. Әсіресе, жылу беру маусымы кезінде депутаттар қазандықтарда түннің ішінде де жұмыс атқарған күндер болған.
Атқарған қызметіне ешқандай айлық алмайтын жұмыс жайлы естуіңіз бар ма? Естімесеңіз, қоғамдық негіздегі жұмысты атқаратын, еңбекақы алмайтын, халық мүддесін қорғап, сенім үдесінен шығу үшін аянбай тер төгетін, бір сөзбен айтқанда, өз аймағының көзі, құлағы және тілі, мандат пен міндетке адалдық танытатын жандар, бұл– мәслихат депутаттары.
Жалпы жергілікті халық қала, кент өміріне неғұрлым белсенді қатысса, мәслихаттар да өз жұмыстарын соғұрлым жақсы орындайды. Сондықтан, айналада болып жатқан келеңсіз жағдайларға немқұрайлы қарамай, мәслихат депутаттарының құзыретіне кіретін мәселелерге алаңдап, депутаттардың әлеуметтік желілеріндегі түсініктемелеріне назар аударып және депутатқа тікелей жүгіну арқылы жарқын болашаққа кедергісіз жетуге бар күшті салып, бар мүмкіндікті қолдан жібермеу керек.
Қаражал қалалық мәслихат депутаттары өздерінің жұртшылықтың көз алдарында екенін және оның жұмыстарын сайлаушылар бақылайтынын, өздеріне үлкен үміт артатынын сезіне отырып, өз міндеттіліктерін сайлау науқаны аясында ғана емес, одан кейін де тиімдірек орындап жүр.
Қазіргі таңда, Қаражал қалалық мәслихатында «AMANAT» партиясынан облыстық екі депутат, қалалық тоғыз депутат, «Ақ жол» партиясынан бір және «Ауыл» партиясынан бір депутат бар. Партияға бөлініп, қалалық, облыстық болып бағытталғанмен атқаратын қызметіміз бір, илейтініміз бір терінің пұшпағы. Халық мәселелерін шешуге көмектесу және адамдар мен әкімдіктер арасында мықты көпір болу үшін ең бастысы аянбай адал еңбек етіп, абыройды айрандай ұйытып отыру қажет.
Мәслихат — халықтың жанайқайы мен арман тілектерін жеткізуші, үкіметтің әділ шешім шығарып, халыққа қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуіне бақылау жасаушы жергілікті қауымдастықтар мен қоғамдық кеңестермен де тығыз байланыста.
30 жылда Қаражал қалалық мәслихат депутаттары атқарған өрелі істер ұшан-теңіз. Айналадағы ел үнін билікке нықтап жеткізіп, оңтайлы шешілуіне мықтап еңбек ететін жандардың алдағы атқарар міндеті де аз емес.
Елі мен жерін шынайы ойлайтын адал азаматтарымызбен бірлесе халық үшін тер төгу аса қатты ауыр емес. Ең бастысы адал болсақ, елжанды болсақ. Біз соған талпынамыз да, халықпен бірге болуға тырысамыз. Халықтың сенімін ақтау басты міндетіміз!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық
мәслихатының депутаты.