Халыққа сапалы қызмет көрсету – басты міндетіміз

Бүгінгі таңда мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігі — ел дамуының басты көрсеткіші. Осы орайда, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының атқаратын рөлі зор. Қызмет көрсету саласын цифрландыру және сервистік модельді қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы толығырақ білу мақсатында біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ұлытау облысы бойынша Қаражал қаласының бөлім басшысы Дәурен Оразбековпен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Бүгінде ХҚКО жұмысы айтарлықтай жаңарды. Дегенмен, халық арасында «анықтама алу – бітпейтін шаруа» деген түсінік әлі де кездеседі. Осы бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Иә, біз ол стереотиптің бар екенін білеміз және онымен белсенді күресіп жатырмыз. Шыны керек, қазіргі «Азаматтарға арналған үкімет» – бұл бұрынғыдай «қағазбастылықтың орталығы» емес. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың алтын уақытын үнемдеу. Қазір қызметтердің көбін телефонмен-ақ бітіруге болады, сондықтан, біз «кезек күту мәдениетінен – жедел қызмет алу мәдениетіне» көшіп жатырмыз деп айта аламын.

– Цифрландыру жақсы, бірақ, орталыққа келетін адамдардың ағыны әлі де толастамай тұр. Мұның себебі неде?

– Мұның екі себебі бар. Біріншіден, кейбір күрделі құжаттар (мысалы, жылжымайтын мүлік немесе жер мәселелері) әлі де маманның қатысуын талап етеді. Екіншіден, халыққа үйреншікті «тірі» қарым-қатынас керек. Бірақ, біз процесс барынша жеңіл болсын деп жатырмыз: жасы келген кісілерге құжатты үйлеріне жеткізіп беру қызметі. Бейне-кеңес: үйде отырып-ақ оператормен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге болады. Бұл – біздің «виртуалды тереземіз».

– Жұмыс барысында «адами фактор» мәселесін қалай реттейсіздер?

– Біз өз қызметкерлерімізге тек заңды білуді емес, сервистік этиканы қатаң талап етеміз. Әрине, күніне жүздеген адамды қабылдау оңай емес. Сондықтан, әр маманға «Азаматтар бізге мәселесін шешу үшін келеді, сол себепті әрбір адамға жеке көмекші ретінде қараңдар» деп ескертеміз. Сапаны бақылау үшін бағалау жүйесі бар – халықтың берген бағасы біз үшін ең басты көрсеткіш.

– Дәурен Сәбитұлы, азаматтарға арналған үкімет корпорациясының халық өміріндегі рөлін бір сөйлеммен қалай сипаттар едіңіз?

– Біздің жұмысымыз — адам тағдырының цифрлық шежіресі десем артық айтқандық емес. Шын мәнінде, біз азаматтармен бірге туылған сәттен бастап, өмір бойы біргеміз. Сәбидің алғашқы құжаты — туу туралы куәліктен бастап, балабақша кезегі, білім алу, алғашқы төлқұжат, шаңырақ көтеру, кәсіп ашу, баспаналы болу және еңбек өтіліне қарай зейнетке шығуға дейінгі барлық маңызды кезеңдер біздің қызметтер арқылы өтеді. Яғни, біз — адамның әрбір қуанышты сәті мен маңызды қадамдарын құжаттық тұрғыдан қамтамасыз ететін сенімді серіктеспіз.

– Кәсіби мереке қарсаңында ұжымыңызға тілегіңіз?

– Біздің жұмыс — мемлекет пен халықтың арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ететін жауапты сала. «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкері болу тек кәсібилікті емес, сонымен бірге, үлкен сабыр мен адамгершілікті талап етеді. Күн сайын жүздеген тағдырмен бетпе-бет келіп, әр азаматтың мәселесін шешуге атсалысып жүрген еңбектеріңіз — құрметке лайық.

Сапалы қызмет жолында атқарып жатқан әрбір істеріңіз берекелі болсын. Цифрлық технологияларды меңгеруде әрдайым алда болыңыздар. Күнделікті қарбалас жұмыста шаршамай, әрбір келушіні жылы жүзбен қарсы алуға күш-қуат тілеймін.

Сіздердің күлкілеріңіз бен жылы сөздеріңіз — мекемеміздің айнасы. Жұмыстағы жетістік отбасындағы тыныштықтан басталады. Шаңырақтарыңыздан құт-береке кетпесін, жақындарыңыз аман болсын.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біздің жетістігіміз — әрқайсыңыздың адал еңбегіңіздің жемісі. Елдің ризашылығы мен алғысына бөлене беріңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер! Еңбектеріңіз жансын!

– Дәурен Сәбитұлы, жұмыстарыңызға сәттілік! «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы нағыз халыққа жақын орталыққа айнала берсін.

– Рақмет! Біздің мақсатымыз – әрбір азаматтың бізден риза болып шығуы. Жұмысымыздың сапасы – елдің сенімінде. Сондықтан, біз әрдайым ізденіс пен даму үстіндеміз.

Сұхбаттасқан Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.