Хадис іліміне құштар жастар сынға түсті

Қаражал қалалық мешітінде жастардың діни сауатын арттыруға бағытталған тағылымды шара өтті. Оқу-ағарту жұмыстары аясында ұйымдастырылған хадис ілімінен білім сайысы шәкірттердің рухани ізденісін шыңдап, олардың білім деңгейін саралауға мүмкіндік берді.

Сайысқа мешіттің белсенді шәкірттері қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушыларға хадистерді жатқа айту, олардың мағынасын терең түсіндіру, сондай-ақ, шариғи білімдерін көрсету секілді талаптар қойылды. Әрбір үміткер үлкен жауапкершілік танытып, тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты.

Жарыс барысында шәкірттердің білімге деген ынтасы мен ізденісі ерекше көзге түсті. Қазылар алқасы қатысушылардың білімін жан-жақты бағалап, үздіктерді анықтады. Нәтижесінде жүлделі орын иегерлері белгілі болды.

І орын мен 25 мың теңгелік ақшалай сертификатты Құрмет Ибрахимұлы иеленсе, ІІ орын мен 15 мың теңгелік ақшалай сертификат Нұрдәулет Наукеновке бұйырды. Ал ІІІ орын мен 10 мың теңгелік ақшалай сертификатты Мағжан Айтбек қанжығасына байлады.

Бұдан бөлек, сайысқа қатысқан барлық шәкірттер назардан тыс қалмай, ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Бұл олардың білімге деген құштарлығын арттырып, алдағы уақытта да діни ілімді терең меңгеруге жігер беретіні анық.

Аталған шара – жас буынның рухани тәрбиесін нығайтуға, хадис іліміне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Осындай игі істер арқылы қоғамда білімді, иманды әрі саналы ұрпақ қалыптасатыны сөзсіз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ