Филиалдың алғашқы отырысы өтті

Жезқазған қалалық кітапханасының мәжіліс залында Қазақстан Журналистер одағының Ұлытау облыстық филиалының алғашқы отырысы өтті. Отырысты филиал төрағасы Эльвира Алпанбаева ашып, филиал жұмысының жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.

Жиында 2026 жылға арналған жұмыс жоспары, облыстық кеңес құрамы, мүшелік жарна мөлшері, кадр және жас журналистерді қолдау мәселелері қаралды. Абдолла Дастанов кеңесті тоғыз адамнан құруды ұсынып, ол бірауыздан қолдау тапты.

Мұқағали Сейітқазы қаламгерлер арасында мәдени және спорттық шаралар өткізуді ұсынса, ардагер журналист Ізтай Белгібайұлы Камал Смайылов пен Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтар тағайындау туралы бастама көтерді.

Ардагерлер Амандық Рахұлы мен Елтынды Дүйсенбаев баспахана және кадр тапшылығы жайын қозғап, ал Мейрамгүл Саяжанқызы журналистердің әлеуметтік жағдайына назар аудару қажеттігін айтты.

Отырыста айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, алдағы жұмыс жоспарына негіз болмақ.

Өз тілшімізден.