Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгерлер мен тылда белдері қайыса жүріп, Ұлы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлікке бергісіз еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін атаулы күн болып қала береді.
Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің жанқиярлық батырлығы, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға, достық пен бірлікті берік сақтауға тәрбиелеу арқылы олардың қанына отансүйгіштік қасиетті сіңіру. Бұл бағытта кешегі аталарымыз бен әкелеріміздің сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерліктері әрі мұра, әрі ұран болуы керек. Өйткені, майдангерлер Отанға деген шын сүйіспеншілігі, ерлігі, қайсарлығы, жігер-қайраты және ел қорғау сезімінің қуаттылығымен кейінгі ұрпаққа үлгі бола білді.
Еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері өшпестей бедерленіп, мәңгілікке жазылып қалды. Жалпы тарих үшін бұл болмашы ғана уақыт болса да, оның адамзат өмірінде алатын орны ерекше. Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.
Жеңіс туы қолға оңай тиген жоқ. Адам айтқысыз зор қиындықпен келді. Тарихи деректерге жүгінсек, қанды қырғынға 61 мемлекет қатысқан. Соғыс қимылдары 40 елдің жерінде жүрді. 110 млн. адам әскерге алынды. Соның ішінде Қазақстанның әрбір бесінші азаматы майданға аттанды. Ел экономикасы соғыс жағдайына бейімделді. Алыс және майданға жақын аймақтардың зауыт-фабрикалары, кәсіпорындары Қазақстанға көшірілді. Біздің республикамыз соғыс пен тылды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуші аймақ болды. Соғыстың алғашқы күнінен бастап, қазақ жауынгерлері ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сол қанды қырғында бес жүз отандасымыз Кеңес Одағының батыры атанды. Соның ішінде жүзден аса қазақ азаматы ең жоғарғы атаққа қол жеткізді. Әйгілі ұшқыш, жаужүрек Талғат Бигелдинов батыр атағын екі мәрте иеленді. Баһадүр Бауыржан Момышұлының даңқы майдан даласында да, тылда да дүбірлеп тұрды. Жас өмірлерін Отан үшін оққа төсеген Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ерлігі көпке үлгі болды. Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов Берлин үшін болған аласапыран ұрысқа өз жауынгерлерін бастап кірді. Міне, батыр аталарымыздың жорық жолдарын осылай тізе беруге болады. Соғыстың соңғы нүктесін де қазақ азаматы қойғанын мақтан тұтамыз. Барлау взводының командирі, лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен оның қандыкөйлек досы Григорий Булатов екеуі адам төзгісіз қиындықпен Рейхстагқа жетіп, Жеңіс туын басқалардан бұрын тікті.
Жалпы екіншідүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс Кеңес Одағына оңайға түспеді. Ел 27 млн. адамынан айырылды. Соның ішінде 600 мыңға жуық қазақстандық жат жердің топырағын жастанды. Сол кезде ел ішінде соғыс өрті шарпымаған шаңырақ болған жоқ. Бала күнімізде ауылда екі аяғынан айырылған немесе екі қолы жоқ қарияларды көзіміз көрді. Қанды қырғыннан ері немесе жалғыз баласы оралмай, қайғыдан қан жұтқан аналарды білеміз. Солардың шет жағасын көріп қалған соңғы ұрпақ біз шығармыз. Оның бәрі бүгінгі жас жеткіншектерге ертегі секілді.
Жыл сайын Жеңіс күнін атап өтеміз. Биыл да айтулы мереке қал-қадерінше тойланады. Биыл оған 77 жыл толды. Зымырандай зымыраған уақыт. Бүгінде алапат қырғынға қарсы тұрған Кеңес Одағы да жоқ. Оның құрамында болған елдердің бәрі тәуелсіз мемлекет атанды. Бәзбіреулер «Бізге сол соғысты дәріптeудің не қажеті бар» деген сыңды пікірлер айтады. Меніңше, бұл – дұрыс ұстаным емес. Тарихты ешкім қолдан жасамайды. Ол – біздің жүріп өткен жолымыз. Сондықтан тасқа қашалған жазу секілді жұрт жадында мәңгі қалады. Бұл әрі-беріден соң сол соғыста қару жастанып, мезгілсіз көз жұмған қыршын боздақтардың әруағына тіл тигізгеніміз. Бұдан артық қатты айтуға болмайды.
Аталар салған даңқты жол ешқашан өшпеуі тиіс!
Ерлік қашанда елге – мұра, ұрпаққа – ұран болып қала береді.
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ