Ерлігімен мақтанбайтын ер жігіт

Отыз жыл бұрын дәл осы күні ішкі істер органдары туралы заң қабылданып, Қазақстан полициясы құрылды. Ал 2007 жылы осы күні Қазақстанда «Полиция күні» ретінде бекітілді. Содан бері үздіксіз тойланып келеді. Бұл күні ішкі істер сапындағы полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, еселі еңбегімен көзге түскендер марапатталады және мақталады.

Ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытатын полицейлерге қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Біздің Жәйрем кенті полиция бөлімінің қызметкерлері де түрлі оқыс оқиғаларда өз шеберліктерін танытып, ерліктерімен көзге түсуде. Солардың бірі — бір емес үш рет төтенше жағдайда адам өмірін сақтап қалған Қуаныш Ақботанұрұлы Тілеуханов. Ауылымыз шағын ғана болғандықтан, бұл азаматты барлық жәйремдіктер танығанмен, күнделікті атқарып жүрген еңбегіндегі сан түрлі оқиғалар мен қызықты жағдайларды, оның ішінде адам өмірін ажалдан арашалап қалған ерен еңбектерін біріміз білсек, біріміз біле бірмейміз. Сонымен, ерен ерліктерімен елге мақтана бермейтін ерлердің біріне тоқталуды жөн көрдік.
Қуаныш Тілеуханов 1993 жылы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 2001 жылы Жәйрем кентіндегі №10 орта мектебінің табалдырығын аттап, 9 сыныптан соң, Қарағанды қаласындағы «Болашақ» колледжіне «Құқықтанушы» мамандығына оқуға түседі. 2 курста өз еркімен оқудан қол үзіп, Отан алдындағы борышын өтеуге Павлодар қаласында №6679 әскери бөліміне аттанады. Әскерден келген соң, колледждегі оқуын жалғастырып, 2014 жылы нан табар құжатын алып, ауылға оралады. Туған жерге табан тіреген жас жігіт, жергілікті полиция бөліміне жүргізуші болып орналасады. Сол жерде 4 жылдай еңбек етіп, жүргізушіліктен жол патруль полициясы қызметіне ауысады. Кенттегі жол қауіпсіздігіне барынша үлес қосып, 2020 жылы учаскелік полиция қызметіне тағайындалады.
Қуаныш Ақботанұрұлы, жалпы полиция қызметкерлерінің жұмысы өте күрделі және қиын, жауапкершілікті және сақтықты барынша талап ететін қызмет екенін білеміз. Осы салаға келуіңіздің басты себебі неде? Отбасыңызға тоқтала кетсеңіз, осы әскери қызметте жүрген жандар бар ма? Балаларыңыздың осы кәсіпті игергенін қалар ма едіңіз?
-Отбасымда әскери қызметте жүрген ешкім жоқ. Әкем «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да БелАЗ жүргізушісі, ал анам «Энерготранзит» ЖШС бақылаушы болған. Қазіргі таңда екеуі де зейнетте. Бұл өзімнің арманым. Бала кезімнен әскери формаға қызығатынмын. Өскенде форма киіп, қылмыскерлерді ұстасам, халықты қылмыскерлерден, тәртіп бұзушылардан қорғасам деген бала арманымның жетегінде жүріп, осы салаға орнықтым. Жарым Әсия Асылбекова «Балдырған» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етеді. Бір қызым бар. №30 мектептің 2 сынып оқушысы. Қыз бала болған соң, өмірдегі нан табар мамандығын өзі таңдағаны дұрыс болар. Алла беріп, болашақта ұлдарым болса, міндетті түрде нағыз ер-азаматтың қызметі әскери қызметке бағыттар едім.
Жалпы полиция болу қарапайым халықтың ұғымынша қылмыскерді құрықтау. Ал негізінде сіздердің міндеттеріңіз қоғамдық тыныштықты сақтау. Қоғамдық тыныштыққа көп нәрсе кіретіні белгілі. Міндеттеріңізге тоқтала кетсеңіз.
-Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмысты ашу, яғни қауіпсіздікті сақтауда — полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Біз тәртіпті қатаң қадағалауға тиістіміз, тірлігіміз қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт жүреміз. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес. Біз халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауға міндеттіміз.
Кинода көретін полиция қызметкерлерінің жасаған ерлік әрекеттеріне сүйсініп отырамыз. Сіздер қанша жұмыс істеп жүрсеңіздер де, еңбектеріңіздің, жасаған ерліктеріңіздің бірін білсек, бірін білмейміз. Осы 10 жылдан астам полиция қызметіңізде қандай атаулы жұмыстарыңызбен бөлісе аласыз?
-Жалпы мен жасаған еңбегімді, атқарған қызметімді атап айтып, әсірелеп мақтануға жаным қас. Дегенмен, сіз сұрап отырған соң, бір-екі болған оқиғаны айта кетейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын, шатаспасам 2015 жылы ауылымыздағы 57 орамдағы көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатынан бір ер адам секірмекші болып тұрғаны жөнінде дабыл келіп түсті. Шұғыл жиналып барсақ, егде тартқан бір ер адам бесінші қабатта балконға ілініп тұр екен. Ойлануға бір секунд та уақыт жоқ, бірден сол қабатқа шығып, бар күшімді салып, ана кісіні тартып көтеріп алдым. Жасы 80-ге аяқ басқан қарияның денсаулығы сыр берген екен. Аман-есен құтқарып алып, балаларына табыстап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жергілікті ауруханаға апарып, медициналық қараудан өткіздік.
Екінші бір оқыс жағдай, 2022 жылы Металлург көшесіндегі 17 үйден өрт шығып жатқандығы жөнінде дабыл түсіп, жедел барғанымызда жалындаған қызыл оттың ішінде адам бар екені және газ баллонының жарылу қаупі бар екенін естідік. Еш ойланбастан, балкон арқылы ішке кіріп, ұйықтап жатқан бір ер азаматты алып шығып, балконда тосып тұрған әріптесім, аға лейтенант Болат Ғаниұлына тапсырып, іште тағы басқа жандар бар-жоғын тексеріп шықтым. Адам аман қалды. Одан кейін өрт сөндірушілер келіп, газ баллонын алып шықтық. Өрт сөндіру қызметі дер кезінде келмегенде ана газ баллоны тұтас бір үйді атып жіберуші еді.
Одан осы биылғы жылдың ақпан айында Абай көшесіндегі 15 үйде өрт шығып, әріптесім Нұртас Әбдікәрім екеуміз отқа оранған пәтер ішінен үйдің қожайынын құтқарып алып шықтық.
Мұндай жағдайлар күнде болмаса да жиі орын алып тұрады. Көбінесе ішкілікке салынған жандардың мас болып ұйықтап қалуынан болып тұратын қауіпті жағдайларды болдырмас үшін профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады.
Қуаныш Ақботанұрұлы, сіз қазіргі таңда учаскелік полиция қызметкерісіз. Міндетіңізге неше учаске кіреді және өз учаскеңіздің қандай ерекшеліктері мен қиыншылықтарын айтар едіңіз?
-Жәйрем кентінде бірнеше учаске болғанмен, ауылымыз бәрімізге ортақ деген ұғыммен жұмыс істейміз. Негізі маған бөлінген, яғни жүктелген учаскелер 9 орам мен Самостройка орамы. Учаскелік полиция ретінде тұрғындармен байланысым өте тығыз. Өзіме бекітілген әкімшілік аумақта 102 арнасы болсын немесе тікелей шақыртулар арқылы тұрғындар шақыртып жатады, көмек сұрайды. Полиция қызметкері ретінде көмегімді көрсетіп, міндетімді орындаймын. Күнделікті қызмет барысында түрлі жайттар болады, сондықтан кез келген жағдайға дайын болып, жауапкершілікті терең сезіну керек.
Тұрғындарға алаяқтық туралы, мал ұрлығы, темір ұрлығы тәрізді тақырыптарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар, жасөспірімдермен жұмыс қызу жүруде. Қазіргі таңда жазғы демалысқа шыққан жасөспірімдер қос дөңгелекті көлікпен жүйткіп, рұқсат етілмеген су тоғандарына, өзендерге шомылып, абайсыздықтың арқасында өмірмен қош айтысып жатады. Олармен де профилактикалық жұмыс істеу біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көше кезулері тыйылмай отыр. Жәйрем кентінде қазір комбинатқа жұмыс істеуге сырттан келушілер, яғни, мердігерлер өте көп. Ол адамдардың қандай екенін білмейміз. Балаларымыз, әсіресе, қыз балалар бос жүріп, келеңсіз жағдайларға ұрынып қала ма деп қорқамыз, алаңдаймыз. Ата-аналармен кездесіп, түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Жиналмаған қоқыс, қаңғыбас иттер, бос жүрген малдар да біздің қарауымызда болып жатады. Себебі, олар да бүгінгі күні қоғамдық тыныштықты бұзушылар болып тұр.
Ең алғашқы осы қызметке келген кезде тәлімгер болып, әскери тәртіптің қыр-сырына үйреткен әріптестеріңізден кімді атай аласыз және осы кәсіби мерекеде үзеңгілестеріңізге не айтар едіңіз?
-Мен осы Жәйрем кенті полиция бөліміне алғаш жұмысқа келген кезімде көп нәрсеге мені үйреткен Көшкімбаев Данияр Ахметжанұлы. Ол кезде ол кісі учаскелік полиция болған. Қазіргі таңда шұғыл кезекші қызметінде. Қазіргі бастығым Медет Әлиұлының да бізге үйреткені, үйретері көп. Енді бұл кәсіби мерекеде әріптестеріме қызметте табыс, абырой және тек жақсылық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деп ақ тілегін білдірді.
Ерлігімен ел алдында еленгісі келмейтін ер-азаматтың қыр-сыры міне, осындай.
Жәйрем кенті полиция бөлімінің бастығы Медет Әлиұлы біздің бүгінгі кейіпкеріміз жайында былай деп сөз қозғады: — Қуаныш Ақботанұрұлы өз ісіне мығым. Жауапкершілігі жоғары. Тәуліктің қай мезгілінде жұмысқа шақырылса да, сапқа әркез дайын болады. Өз ісіне адал, кәсібін жақсы көретін, білікті маман. Күн сайын азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қиын жағдайда өз өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, міндетіне адал нағыз ер-азаматтардың бірі.
Атқарған еңбегіне қарай 2022 жылы кент әкімі Қайрат Жансағымовтың Алғыс хатын иеленсе, былтыр Қаражал қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жомарт Байдилдиннің Алғыс хатын алып, биылғы жылдың қаңтар айында кезекті капитан дәрежесі берілді.
Әскери қызмет нағыз ер-азаматтың кәсібі деп санайтын, полиция капитаны Қуаныш Тілеухановқа біз зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, табысты еңбек, батыл жүрек тілейміз. Халықтың құтқарушысы, қоғамдық тыныштық сақшысы, елге қуаныш сыйлаушы болып жүрген жігіттің үкімет алдында да мерейі үстем болып, жұлдызы жарқырай берсін.

Теректі ШАҒАТАЙ.