Қарапайым еңбек иелерінің қоғамдағы орны қашанда биік. Солардың бірі – Маржан Төлегенова. Ол – кешегі кеңес заманынан бастап адал еңбекті серік етіп, денсаулық сақтау саласында маңдай терімен абырой тапқан жан.
Маржан Мәжкенқызы Жаңаарқа өңіріндегі Ескене ауылында дүниеге келіп, сол ауылда өсіп-өнді. Орта мектептің сегізінші сыныбын аяқтаған соң, еңбекке ерте араласып, еңбек жолын сауыншылықтан бастаған. Мал шаруашылығы – төзімділік пен табандылықты талап ететін сала. Жастайынан еңбекке шыңдалып, жауапкершілікті бойына сіңіріп өсті.
Маржан 1982 жылы Қаражал қаласының азаматы – Хамзе деген жігітке тұрмысқа шығып, жаңа өмір белесіне қадам басты. 1989 жылы қалалық ауруханаға санитарка болып жұмысқа орналасып, содан бері отыз жылға жуық уақытын осы салаға арнап келеді.
Санитарка еңбегі сырт көзге жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда аурухана – тазалық пен тәртіптің мекені. Мұнда әр бөлме, әр құрал, әр бұрыш қатаң санитарлық талапқа сай болуы тиіс. Палаталар, дәрігерлер кабинеттері, ем-дом жасайтын бөлмелер, дәліздер – бәрі де мұнтаздай таза әрі залалсыздандырылған болуы керек. Бұл – науқастардың сауығуына тікелей әсер ететін маңызды жұмыс. Осындай жауапты міндет Маржан Мәжкенқызы сынды санитарлардың иығына жүктеледі.
Қазіргі таңда ол ауруханада сестра-хозяйка әрі автоклавта жұмыс істейді. Автоклав – медициналық құрал-жабдықтарды жоғары температура мен қысым арқылы залалсыздандыратын арнайы құрылғы. Бұл жерде бір ғана салғырттық үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Сондықтан құралдарды дұрыс сұрыптау, уақыт пен температура режимін қатаң сақтау, қауіпсіздік талаптарын орындау – үлкен мұқияттылық пен білімді қажет етеді.
Маржан Мәжкенқызы осы істің қыр-сырын жетік меңгерген, тәжірибелі маман ретінде әр құралдың мінсіз тазалығына кепіл бола алады. Сестра-хозяйка ретінде де оның міндеті ауқымды. Бөлімшенің тазалығы, жұмсақ мүлік пен төсек-орын жабдықтарының уақытылы ауыстырылуы, шаруашылыққа қажетті заттардың реті – барлығы оның бақылауында.
Ұжым ішінде ол ұқыптылығы мен жауапкершілігі арқылы құрметке ие. Зейнеткерлікке шыққанына екі жыл болса да, аурухана басшылығы білікті маманды қызметтен жібергісі келмей отыр. Себебі ол – өз ісіне адал, тәртіпке берік, ұжымға сыйлы жан. Басшылықтың да оған деген ризашылығы ерекше.
Маржан Мәжкенқызы – тек еңбек адамы ғана емес, берекелі отбасының алтын діңгегі. Төрт баланы тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты ана. Бүгінде жиырмаға жуық немеренің сүйікті әжесі атанып, ұрпағының қызығын көріп отыр. Жұмыс орнындағы ұжымына, басшылыққа әрдайым шексіз алғысын білдіріп, еңбектің қадірін биік қояды.
Осындай қарапайым да қажырлы жандардың арқасында денсаулық сақтау саласының тіршілігі бір сәтке де тоқтамайды. Ақ халаттылардың сенімді серігіне айналған Маржан Мәжкенқызының еңбек жолы – адалдық пен табандылықтың жарқын үлгісі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

