Ерекше көңіл-күй сыйланды

Жаңа жылдық көңілді кеш, ертегі кейіпкерлері мен сыйлықтар әр баланы бей-жай қалдырмасы анық. Жәйрем кен байыту комбинаты басқармасының ғимаратында Жәйрем кентіндегі ерекше қажеттіліктері бар балаларға тамаша кеш ұйымдастырылды. Кейбір бүлдіршіндер ертегі қойылымында алғаш болса, ал кейбірінің ата-анасының жұмыс орнын көрсем деген арманы орындалды.

Бұрындары мереке қарсаңында «Өндіріс волонтерлері» тобының еріктілері әр баланың үйіне барып, Аяз ата мен Ақшақар кейпіне еніп, сыйлықтарын табыстап келетін. Ал, өткен жылы алғаш рет комбинат қабырғасында компания жұмыскерлерінің ерекше балаларына ортақ мереке өткізілді. Балалардың қуанышы мен ата-аналардың жүрекжарды алғысынан шабыт алған ұйымдастырушылар биыл да Жаңа жылдық мерекені осы форматта өткізуге шешім қабылдады. Шараға комбинаттың мердігер ұйымдары да атсалысты.
– «Pizza Blues» ЖШС қызметкерлері балақайларға керемет мерекелік дастарқан жайса, «TechExpertService» ЖШС таңғажайып сыйлықтарын ұсынды, – деп әңгімелейді Жәйрем КБК әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Ақтоты Жазыбекова. – Сонымен қатар, Жәйрем кен байыту комбинаты тарапынан да Жаңа жылдық сыйлықтар ұсынылып, кәсіподақ ұйымы Ұлытау облысынан арнайы «Алғабас» жастар театрының өнерпаздарын шақырды. Олар көрермендерді Жаңа жылдың сиқырлы атмосферасына бөледі. Балалар да ерекше көңіл-күйге бөленді! Шаттанған балаларды көру адамға керемет сезім сыйлайтыны айтпаса да белгілі. Қонаққа келе алмаған балақайлар да назардан тыс қалмайды, оларды волонтерлер құттықтап, сыйлықтарын үйлеріне жеткізіп береді.
Жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарға қонаққа 38 балақай келді. Барлығы Жәйремде тұрады, көпшілігінің ата-анасы комбинатта жұмыс істейді. Кішкентай қонақтар ертегі қойылымында жай ғана көрермен болған жоқ, олар өздерін ертегі қатысушылары сияқты сезінді: Аяз атаға Мыстан кемпірдің айла-амалдарынан қорғануға көмектесті, Ақшақарға тақпақтарын айтып, ертегі кейіпкерлерімен бірге ән айтты. Әртістер балалардың өнерлерін бағалап, тілектерін тыңдап, өздері де ерекше шабыт алды.
– Ұжымымыз балаларға мереке сыйлауға тырысып, қайырымдылық шараларына жиі қатысады. Әдетте балалар үйіне немесе мамандандырылған мекемелерге барамыз. Осы жолы барлығы басқаша болды, өзгеше жылы ортаға тап болдық, – деп бөлісті «Алғабас» жастар театрының директоры Динара Ширекбаева. – Әрқайсысының атын білу, осындай үлкен топты жинау, ұмытылмас шара ұйымдастыру, Жаңа жылдық таңғажайыпты тарту ету – бұл нағыз ғажайып емес пе?! Мерекені ұйымдастырушылардың қызметкерлермен және олардың отбасыларымен қаншалықты тығыз байланыста екендігі байқалды. Осындай атмосферада өнер көрсету біздің ұжымды ерекше шабыттандырды.
– Дәстүр бойынша біз компания қызметкерлерінің балаларымен жылына бірнеше рет кездесіп тұрамыз. Бірақ, бүгінгі шара ерекше, – деп атап өтті кәсіподақ төрағасы Мүбәрак Кәрібаев. – Былтырдан бері балақайларды өзімізге шақырып, қонақ қылып жүрміз. Ондағы мақсат – балалар ата-аналарының жұмыс орындарын көріп, тамашаласа, жарқын болашақтарын армандап, өздеріне мақсат қойса. Жалпы жұмыскерлердің балаларымен, әсіресе, ерекше балалармен қарым-қатынасымыз тығыз. Өндірістегі волонтерлер жыл бойы балалармен байланыста. Кәсіподағымызда еңбек ететін бір маманымыз инклюзивті бағытта білім мен тәрбие беру курсынан арнайы өтіп, сертификат алған. Көбінесе, балалармен сол маманымыз жұмыс істейді. Кентіміздегі әрбір ерекше бала, жұмыскерлеріміздің әр баласы сол маманымыздың көз алдында өсіп жатыр десек те болады. Келер жылдың жоспарына тоқсанына бір рет ерекше балақайлармен кездесуді жоспарлап, түрлі шараларды жобалап та қойдық.
Шара соңында барлық балғынға сыйлықтар тарту етіліп, ата-аналарының жұмыс орындарына келген балалар Басқарма ғимаратының ішіне саяхат жасады. Инклюзивті бағытта жасалған бұл саяхаттан қонақ балақайлардың алған әсері ерекше. Балақайлар ата-аналары жұмыс істейтін кабинеттерге, қайта даярлау және біліктілік арттыру кабинеттеріне барып, танысып, жұмыскерлерге жұмысқа орналасар кезде көрсетілетін қауіпсіздік техникасы бойынша бейнекөрсетілімдерді тамашалады. Басқарма ішіне саяхат жасаған балалардың жанарларынан керемет ұшқын байқалды. Ата-аналарына әңгімелерін айтып, жетекшілерге сұрақтарын қойып, мәз-мейрам болды.
– Биыл осы мерекені асыға күттім. Себебі, былтыр бізді қарсы алған жандар «келесі жылы ата-аналарыңның жұмыс орнын көрсетіп, барлық жерді аралатамыз» деген. Күнде сабаққа бара жатқанда осы ғимаратқа кіргім келіп тұратын. Әкемнің жұмыс орнын қатты көргім келген. Бүгін сол арманым орындалды. Әкемнің жұмыс орны өте әдемі екен. Мен де өскенде осы жерде жұмыс істегім келеді! – дейді өтім және кедендік рәсімдеу бөлімінің бастығы Мейрам Нұрлановтың қызы Адия Жақсылықова.
– Әкем еңбек ететін комбинаттың мына ғимараты сыртынан кішкентай болғанымен, іші өте үлкен, жарық екен, – деп өз әсерімен бөлісті жеңіл көлік жүргізушісі Абзал Әбішевтің ұлы Асылжан Мұхамедия. – Үлкен кісілер көп қағаздармен жұмыс істеп отыр. Үлкен қабырғадан кино көрдік. Онда әкемнің жұмыс орнында қалай жүріп тұру керек екендігі және жұмыс киімдері мен қорғаныс құралдарын қалай қолдану керектігі көрсетілді. Бүгін күшті күн болды. Кеткім келмей тұр.
– Менің балапаным ешқайда барғысы келмейтін. Әкімдік шыршасына барса да отырғысы келмей, жылап қайтатын. Осы жолы баламның көңіл-күйі өте ерекше болды! – дейді қонаққа келген баланың анасы Гүлмира Шотанова. – Алақайлап, кеткісі келмей, қуаныштан жанары бал-бұл жанды. Осындай керемет кездесу ұйымдастырып, бала түгілі, өзімізді қатты қуандырған кәсіподақ ұйымына, комбинат басшыларына үлкен аналық алғысымды айтамын. Жүрегім қозғалған, бала қуанышынан бақытқа кенелген күнім болды. Кентімізде ерекше балалармен айналысатын немесе ата-аналарға үйде олармен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін үйрететін оңалту орталығы немесе арнайы кабинет жоқ. Осындай қиындықтарға тап болған басқа отбасылармен сөйлесу мүмкіндігі сирек болады. Сондықтан, бұл іс-шара бәріміз үшін өте маңызды. Сөйлесіп, пікір алмасып, әр отбасының еңсесін түсірмей қиындықтарға төтеп беріп жүргендерін көрдік. Бір-бірімізден күш-жігер алып, жақсылыққа деген сеніміміз молайды.
– Менің балам үйден артық шыға қоймайды, тұйықтау. Өзім өндірістегі жұмысымнан бос уақытымда баламның тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін. Бүгінгі кездесуге келген сәтте ұлым аздап мазасызданып бастап еді, артынша керемет көңіл-күй сыйлаған ертегі кейіпкерлерінен алған әсерінен үйге қайтқысы келмеді. «Тағы да келеміз» деп әзер көндіріп, үйге қайттық, – деп күледі Жәйрем КБК аудармашысы Роза Исмагилова. – Осы бір тамаша Жаңа жылдық кездесуді ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтамын. Кәсіподақ ұйымы ерекше балалармен, қарт-қариялармен, көп балалы аналармен, талантты жастармен тығыз жұмыс істейтінін көріп жүрміз. Көмекке зәру әр адамның көңілін аулап, жанынан табылатын волонтерлердің жұмысына тіптен ризамын. Осындай керемет мүмкіндіктер беретін өзім еңбек ететін «Казцинк» компаниясына ризашылығым шексіз. Осы компанияда жұмыс істейтініме мақтанамын. Өндірісіміз апатсыз, жұмыскерлеріміз жарақатсыз, балапандарымыз бақытты болсын!
Бәріне ерекше көңіл-күй сыйлаған кешті ұйымдастырушылар мен балаларын ертіп келген ата-аналар жаңа күш-жігермен жұмыстарына кірісті. Алда әлі де көптеген іс-шаралар бар, демек, барлығын жарқын әсерлер мен қуанышты сәттер күтіп тұрғаны анық.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем КБК» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымы
төрағасының орынбасары.