Әкем – Елубек Молдабекұлы 1920 жылы Ақмола уезі, Атасу болысы, Алабас тауының баурайында Бестамақ деген жерде дүниеге келген. Балалық шағы сонау зұлмат заман — ашаршылық жылдарында өтеді. 1931-1934 жылдары Көкжартастағы Бірлік бастауыш мектебінде оқыды. 1939 жылы В. И. Ленин атындағы орта мектепті үздік аттестатпен бітіріп шығады.
Сол жылдың қыркүйек айында Орта Азия әскери округінің шақыруымен Түркістан қаласындағы атқыштар дивизиясында әскери қызметін атқаруға кетеді. 1941 жылы қыркүйек айында елге оралып қайтадан майданға аттанады. Әкем марқұм соғыстың бірінші күнінен бастап қолына қару алып, Отанымызды қорғауға бел буады. Кеңес Одағының маршалы Мерецковтың басқаруымен Қиыр Шығыста Мемлекеттік шекарашылар дивизиясының 49/60 атқыштар полкінде жапон мелитаристеріне қарсы тұрып ерлігімен көзге түседі. Владивосток, Хабаровск қалаларында мемлекеттік шекарада бөлімше командирі қызметінде болады. Атқарған ерен еңбегі мен жасаған ерліктері үшін 1946 жылы елге оралған соң II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен құрметтеліп, «Ұлы Жеңістің 40 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 50 жылдығы» және «Еңбек ардагері», «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 10 жыл» медальдарымен марапатталды.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, еңбекке баулыған азамат болды. Ұрпаққа өнеге боларлық өмірі және қызметімен ол тек туған-туыстарына ғана емес бүкіл ауыл, аудан, тіпті, облыс көлеміне танымал ардақты ардагер-ақсақалға айналды.
Елубек Молдабекұлы — бейбіт өмір сыйлаған батырлардың бірі атанып, есімі мәңгі ел жадында алтын әріппен қалған азамат. Ол ешқашан ерлігін айтып мақтанған емес, бірақ, мен мақтан тұтам. Себебі, менің әкем нағыз батыр. Өзінің қадамдарының нық болғаны ұрпағына үлгі болып, сабыр мен салмақтың, ерлік пен кішіпейілдіктің символы ретінде жүрегімде мәңгіге сақталған. Сондықтан, әкемді тек бір әулеттің емес, ұлттың мақтанышы ретінде көремін.
Тоты МОЛДАБЕКОВА,
ардагердің қызы,
№ 1 ЖББМ физика пәнінің мұғалімі.