Ептілік пен төзімділік сайысы

Кәсіподақ ұйымы спорт алаңында тағы да өндірісшілердің басын қосты. Бұл жолы өндірісшілер армрестлингтен (қол күрестен) жарысқа түсті. Салауатты өмір салтын ұстанатын өндірісшілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бөлімшелерінен бірнеше команда қатысты.

Жарысқа келген спортшылар бірінші кезекте салмақтарын өлшеп, көрсеткіштері бойынша бөлінді. Жарыстың шымылдығын «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Гауһар Наурызбаева мен «Жәйрем Спорт Клубы» ҚБ басшысы Мөлдір Сатжанова ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жалпы, армрестлинг — күш пен тактиканың сайысы. Бұл спортта тек физикалық күш қана емес, сонымен қатар техника, реакция жылдамдығы және психологиялық дайындық маңызды рөл атқарады. Өндірісте қара жұмыста жүрген азаматтардың бойларында қара күш болғанымен, жарыс тактикасын дұрыс білмей қарсыласынан жеңіліп қалғаны оларды бір мезгіл аталған спорт түріне көңіл бөлу керектігіне ойландырғаны сөзсіз.

Бірнеше сағатқа созылған жарыстың нәтижесінде І орынды полиметалл байыту фабрикасы, ІІ орынды көліктер цехы, ІІІ орынды «Жәйрем» кеніші иеленді. Барлығына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар және кубок берілді.

Алып Жанабаев, полиметалл байыту фабрикасының капитаны:
– Мен осы спорт түрін жақсы көремін. Негізі армрестлингте жеңіске жету үшін старттағы жылдамдық — қарсыласты таң қалдыру үшін, қолдың дұрыс орналасуы — күшті тиімді пайдалану үшін, дене позициясы — бүкіл дене бұлшық еттерін іске қосу, психологиялық дайындық — қарсыластың әлсіз тұсын сезіну қажет, – дейді.

Рахат Ханафин, «Жәйрем» кеніші командасының капитаны:
– Қол күрестің негізгі әдіс-тәсілдерін білмесең, бойыңда қаншалықты күш болса да жеңе алмайсың. Мен мысалы, жүздеген кг-дық қошқарларды көтеріп жүргенмен, бүгін қол күресте жеңіліп қалдым. Себебі, қарсыласым қол күрестің секциясына барып жаттығатын жігіт. Негізі, бұл спорт түрінің артықшылығы – бұлшық еттерді дамытады, ерік-жігер мен төзімділікті арттырады, қарсыласқа құрметпен қарауға үйретеді, қоғамдық байланыстарды нығайтады, – деп ағынан жарылды.

Сергей Ткаченко, көліктер цехының жүргізушісі:
– Жарыс өте қызықты өтті. Мен командаммен ІІ орын алдым. Сыртынан қарасаң жай екі қол айқасып, бірін-бірі итеретін жарыс қана сияқты. Ал шындығына келсең, үлкен ептілікті қажет ететін спорт түрі екен. Жұмыскерлердің басын қосып, осындай қызықты сайыстар өткізіп тұратын жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымына үлкен алғысымды айтамын. Біз бұл жарыста тек жарысып қана қоймай, бір-бірімізбен жақынырақ танысып, достасамыз, – деді.

Теректі ШАҒАТАЙ