Елімізбен бірге жастар да жаңғыруы керек

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелерге басымдық береді. Әсіресе, мемлекеттің тұрақты дамуының негізі жастар болғандықтан, еліміз жастарға ерекше назар аударуда. Басқару жүйелерін реформалау арқылы азаматтардың әділетті қоғамда өмір сүруіне жол ашатын реформалардың жүзеге асуы келер күнге деген сенімді арттыра түсті.

 

Білім беру, жұмыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету елімізде бірінші орында және осы тұста қолданатын тәсілдер үлкен нәтиже бермек. Жастарға әр салада білім алуларына және бойындағы қабілеттерін іске асыруына негізделген көптеген бағдарламалар да жүзеге асуда. Мысалы, атап өтсем «Болашақ», «Дипломмен ауылға», жас кәсіпкерлерге «Бизнес бастау» жобалары молынан қарастырылып, жыл сайын жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуда. Мен де өз алдыма кәсіпкер ретінде өз ісімді дамытуға үкімет ұсынып отырған грантқа бағымды сынаудамын. Еліміздің жастары үшін мұндай қолдаулар ауадай қажет.

Қазақстан жастары – білімді, байсалды және озат. Біз елдің тірегі болғандықтан кез келген уақытта еліміз үшін қолымыздан келген істен аянып қалмайтынымыз сөзсіз.

Одан бөлек айта кететін мәселе, ол дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға артатыны, зейнетақы мен жәрдемақы 15 пайызға көбейетіні, өмірлік қиын жағдайға тап болған 500 мың азаматтың берешегі өтелуі қуантуда.

Үшінші мәселе, ашық сайлаудың алғашқысы ауыл әкімдерінің сайлауы болғаны, ҚР азаматы үміткер ретінде өзін-өзі ұсына алуы, дәл солай халық та өз басшысын ашық түрде өзі таңдай алуы көңілден шыққан өзгерістер екені сөзсіз. Бұл тәжірибе елдегі сайлау үдерісінің дамуына өз ықпалын тигізіп, азаматтық қоғамның нығаюына жол ашты.

Жалпы, мемлекетіміздің болашағы тек реформамен емес, біздің азаматтық ұстанымымызбен де айқындалады. Себебі, ел Тәуелсіздігі – бәріміз үшін басты құндылық. Сондықтан да бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғай.

Лаура Әбдіғалиева,
жас кәсіпкер, блогер.