Елдіктің басты нышаны

Қарағандыны бетке алған жеңіл көлік асфалт жолда сырғып келеді. Радиодан əдемі əуезді əн шырқалып тұр. «Көк Тудың желбірегені, жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен Ту, жан емес маған керегі – Көк Тудың желбірегені» дейді өлеңнің қайырмасы…
– Əдемі əн екен, – деді серіктерімнің бірі.
– Ең бастысы рухты əн екен, – деп жалғады оның əңгімесін келесі жолаушы.
– Қазір біздің жастарымызға осындай намысын жанып, рухын көтеретін əндер көбірек керек-ау…
Көлік ішіндегілер осылай өзара əңгіме тиегін ағытты. Тақырып осы Көк Ту мен ұлттық рух төңірегінде өрбіді. Ал менің ойыма осыдан 30 жыл бұрынғы əңгіме оралды. Ол кезде кешегі «мызғымас одақтың» шаңырағынан шыққан республикалар өз алдарына дербес ел болып, уықтарын шаншып жатқан кез еді. Біздің Қазақстан да егемендігін алып, Тəуелсіз мемлекет ретінде əлемдік аренаға қадам басқан-тұғын. Міне, осы тұста елдігіміз бен Тəуелсіздігіміздің басты нышаны – Мемлекеттік рəміздерді дайындау қажеттілігі туындады.
Мемлекеттің басты белгілерінің бірі Ту ғой. Бұған дейін қолданылып келген туды алмастыратын, «бəсекеде басым тұратын» байрақ керек болды. Сол кездері Елтаңба, Ту жəне Əнұран жобаларына конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі əрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рəміздер, əсіресе, тарихи, саяси жəне экономикалық символизмге сəйкес келуі тиіс болды. Осы рəміздер жобаларын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысқан еді. Мемлекеттік Ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар өтінімдер саны 1200-ді құрады. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі жəне Əнұранның 750 нұсқасы ұсынылды.
1992 жылдың 4 маусымында Мемлекеттік рəміздер заңды түрде бекіді. Биыл Мемлекеттік рəміздердің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Қабылданған күннен бастап елдігіміздің басты нышандары азаматтарға патриоттық рух сыйлап келеді. Осы 30 жыл ішінде қоғамда Мемлекеттік рəміздерді құрметтеу мəдениеті қалыптасты.
Мемлекеттік рəміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рəміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның əлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Рəміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түйсінуінің, ел болашағына сенімі мен патриоттық сезімдерінің өлшемі.
…Машина жүйткіп келеді. Жолаушылардың əңгімесі енді Əнұранға ауысыпты. Елтаңбаны əлдеқашан еңсеріп тастаса керек. Əңгімелерінің астарынан ұққаным – рəміздерімізбен мақтанып, марқайып отыр.
Иə, Қазақстан – Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Əнұранымен асқақ. Біз Тəуелсіздік тəбəрігін де, азаттық рухын да, ел дамуының екпінін де, биік меже, асқақ армандарымыздың өлшемін де осы үш киеміз арқылы танимыз. Танытамыз!
Көк Туымыз – рухтың байрағы, Елтаңбамыз – елдіктің нышаны, Əнұранымыз – еркіндіктің асқақ үні!
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ