Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы бүгінгі халықтық коалицияның бірауыздан қабылдаған шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кешелі бері еліміздегі ірі саяси күштер, республикалық қоғамдық бірлестіктер, ардагерлер мен жастар ұйымдары және басқа да ұжымдар алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып жатыр. AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде де Мемлекет басшысын Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде ұсыну туралы шешім қабылданғаны белгілі.
Осыған орай, бүгін халықтық коалиция құрылып, оның құрамына енген барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасына қолдау білдірді. Бұл – мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізді нығайту жолында жасалған маңызды қадам. Өйткені, қазіргідей күрделі кезеңде бізге осындай ортақ пайым мен бекем бірлік ауадай қажет», — деп жазады Сенат төрағасы.