Ел игілігіне арналған жұмыстардың тағдыры шешілетін алаң

Қаражал қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қалалық мәслихаттың кезекті XXXIII сессиясы өтті. Сессия жұмысына Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, орынбасары Аманқазы Наукенов, Қаражал қалалық мәслихаттың төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Қаражал қалалық мәслихаттың депутаттары мен бөлім басшылары қатысты. Жиынға қалалық мәслихат депутаты Марлан Шамбулов төрағалық етті.

Ел игілігіне арналған жұмыстардың тағдыры шешілетін алаңда бүгін Жәйрем кенті әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі, Шалғы кенті әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі тыңдалып, Қаражал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 219 «2025-2027 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Қаражал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 241 «2025-2027 жылдарға арналған Жәйрем және Шалғы кенттерінің бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Қаражал қаласы бойынша шетелдіктер үшін 2025 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы, Қаражал қаласы бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2025- 2029 жылдарға арналған жоспарын бекіту туралы, Қаражал қалалық мәслихатының 2025 жылғы 21 наурыздағы № 268 «Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру, елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағдарламаларының орындалу барысы туралы» шешімінің орындалуы туралы, Қаражал қалалық мәслихатының «Қаражал қалалық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» 2023 жылғы 18 мамырдағы № 34 және «Қаражал қалалық мәслихатының 2023 жылғы 18 мамырдағы № 34 «Қаражал қалалық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» 2023 жылғы 8 қарашадағы № 84 шешімдерін жойылды деп тану туралы, VIII шақырылған Қаражал қалалық мәслихаттың шешімдеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы баяндамалар талқыланды.

Алғашқы кезекте сөз алған Қаражал қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нұргүл Әбдірахманова баяндамасында Қаражал-Жәйрем өңірі бюджетінің кіріс-шығысына тоқталып, әр жұмысқа бөлінген және алдағы уақыттағы жұмыстарға жоспарланған қаражаттарды жіктей отыра түсіндірді.

Арнайы күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек мәслихат депутаттары халық ішінде жиі көтеріліп жүрген сұрақтарды қозғап, тиісті тұлғалардан жауаптар алынды. Қала әкімі Айқын Елеусізов депутаттар тарапынан көтерілген сұрақтар бойынша өз ойын жеткізіп, мекеме басшыларына міндеттеріне мұқият қарауды тапсырды.

Қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов Қаражал-Жәйрем өңірі жылу беру маусымына толықтай дайын екендігін жеткізіп, қала басшысының қаулысы шыққан соң, жылу берілетінін, жобалап отырған мерзім — 1 қазан екендігін баяндады.

Қалалық мәслихат депутаты Нұрбек Құлжанов сессияда тек күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек көптеген түйткілді сұрақтар көтерілетін болғандықтан, халық үшін қызмет етіп отырған барлық мекеменің басшылары осындай кезекті, кезектен тыс сессияларда толықтай отыруын сұраса, депутат Марлан Шамбулов Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне жаңадан тағайындалған басшы Бекзат Қаленге бірқатар сұрақтар қойып, соларды шешу жолдарын жылдамдатуды міндеттеді. Жалпы, ел игілігі үшін жасалатын жұмыстардың тағдыры шешілетін осындай алаңдарда халықтың бар проблемасы ашық талқылану керек және мүмкіндігінше бәрі оң шешімін табуы шарт.

Сессияда талқыланған, жоспарланып, жобаланған барлық шаруа оң шешімін тауып, ел еңсесін көтеріп, проблемаларды азайтып, Қаражал-Жәйрем өңірін көркейтіп, жарқын болашаққа қадамымызды нық басамыз деген ойдамыз.

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.