Ел игілігі жолындағы табанды еңбек

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақты болашағы ең алдымен нақты іспен, адал еңбекпен қалыптасады. Осы жолда жұмысшы мамандық иелерінің еңбегі ерекше маңызға ие. Олар – көзге көп көрінбегенімен, қоғамның барлық саласының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырған негізгі күш.

Жұмысшы мамандықтары — өндірістің, құрылыс пен коммуналдық шаруашылықтың, энергетика мен көлік саласының алтын діңгегі. Күн сайын таң атқаннан кеш батқанға дейін ел игілігі үшін қызмет ететін бұл жандар жауапкершілігі мол, тәртібі қатаң, кәсіби біліктілігі жоғары ортада жұмыс істейді. Олардың атқарған әрбір ісі қалалардың дамуына, инфрақұрылымның жақсаруына және халықтың өмір сүру сапасының артуына тікелей әсер етеді.

Еңбек адамының басты қасиеті – табандылық пен адалдық. Ауыр жағдайға қарамастан, өз міндетін мінсіз орындауға ұмтылатын жұмысшы мамандар ел өмірінің тұрақтылығы үшін аянбай тер төгеді. Олар үшін еңбек – тек күнкөріс құралы емес, жауапкершілік пен абыройдың өлшемі. Осындай түсінікпен жұмыс атқару – қоғамда сенім мен тұрақтылықты қалыптастырады.

Бүгінгі күні жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас түбегейлі жаңаруда. Мемлекет тарапынан еңбек адамын қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау, жастарды осы салаға бағыттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде қоғамдағы еңбек мәдениетін нығайтып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға мүмкіндік береді.

Ел игілігі жолындағы табанды еңбек – кез келген қоғамның негізгі қозғаушы күші. Еңбектің қадірін білу, маңдай термен табыс тапқан азаматтарды құрметтеу – өркениетті елдің айқын белгісі. Сондықтан еңбек адамын дәріптеу – бір реттік шара емес, қоғамның ортақ құндылығына айналуы тиіс.

 

Сагинтаева Гульнар Сапаровна

Қаражал қаласының Мансап орталығының директоры