Экономикалық өсім мен мәдени мұраны сақтау мәселесі талқыланды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиын барысында 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және мәдени мұраны сақтау мәселелері қаралды.

Кеңес отырысында өңір басшысы инвестиция тарту мен экономикалық өсімнің баяулауына тоқталып, бірқатар қала әкімдеріне сын-ескертпелер айтты. Атап айтқанда, Жезқазған қаласы әкімінің міндетін атқарушысына (салаға жауапты орынбасарына) және Қаражал қаласының әкіміне ресми ескерту жасалды. Облыс әкімінің айтуынша, өңірлік даму көрсеткіштеріне қала құраушы кәсіпорындармен қатар, барлық аудан мен елді мекендердің үлесі зор. Осы орайда әкім экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Инвестиция тарту – бұл тек кәсіпкерлік басқармасының міндеті емес. Әр басқарма өз саласы бойынша демеуші тауып, нақты жобалар ұсынуы қажет, – деді өңір басшысы.

Жиында ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі де сөз болды. Облыс басшысы салалық басқармаға мал басына қатысты нақты талдау жүргізуді, сондай-ақ, ұлттық ауылшаруашылық санағын сапалы өткізуді жүктеді. Бұған қоса, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, нақты жобаларды жүзеге асыру қажеттігі айтылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ЮНЕСКО қамқорлығына енген материалдық емес мәдени мұраларды сақтау мен насихаттау шараларына арналды. Бұл бағытта облыс әкімі «Ұлытау» геопаркін құру жұмыстарын жеделдетуді және археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған тарихи жәдігерлерді кеңінен таныстыруды тапсырды.