Тәуелсіз еліміздің теңдессіз жауһары – Астана қаласы биыл 26 жылдығын атап өтті. Еліміздің жүрегі іспеттес шаһардың «туған күніне» орай іс-шара легі мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде жоғары деңгейде өтетіні сөзсіз. Бұл түсінікті де, өйткені, Астана күні жалпыұлттық мерекеге айналғалы қашан. Атаулы жалпыұлттық мейрам біздің өңірде де керемет аталып өтілді.
Өткен аптада қаламыздың мәдени-сауық орталығында Астана күніне орай «Еңселі Елорда, асқақтаған Астана!» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ең алдымен, әлбетте қаламыздың әкімі Айқын Елеусізов сахна төріне көтеріліп, барша қала тұрғындары мен қонақтарын Астана күнімен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
Сондай-ақ, жақында жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау мақсатында аймағымыздың жастарына арналған гранттар ойнатылып, жеңімпаздар анықталған болатын. Бүгін осындай мерейлі мереке күні грант иегерлерінің сертификаттарын табыстау әкім мырзаға бұйырыпты. Айта кетсек, жартылай фабрикаттар өндіру цехы үшін жабдықтар сатып алуға 4 000 000 теңгелік сертификат Елдос Сыдиқовқа табысталды.
Келесі «Полиграфиялық кәсіпорын құру» үшін 3 000 000 теңгелік грант сертификатының иегері Карина Окашева атанды. Ал Жәйрем кентінде ерекше балаларға арналған Адаптивті дене шынықтыру орталығын ашу үшін 3 000 000 теңгелік сертификат Фариза Жеңісқызына берілді. Сонымен қатар, қаламызда «Газобетон өндірісі» кәсібін дамыту үшін Жанель Томабайға 3 000 000 теңгелік сертификат табысталды. Жәйрем кентінде «Балаларға арналған нейропедагогика бағытындағы білім беру орталығын» ашу үшін 2 000 000 теңгелік сертификат Таншолпан Болатоваға бұйырды. Ал 2 000 000 теңгелік сертификатты бөдене фермасын ашуға Ғабдолла Орымбеков алды. Келесі «Вентиляция, рекуператор орнату» үшін 2 000 000 теңгелік грант сертификаты Ильдар Комунаровқа берілді. «Корпустық жұмсақ жиһаз жасау» орталығын ашу мақсатында 2 000 000 теңге сертификатының иегері Ораз Боқаев атанды. «Ұялы телефондарды жөндеу және ұялы сервисті кеңейту» мақсатында 1 000 000 теңгелік грант сертификаты Заңғар Жұманбаевқа табысталды. Сонымен қатар, «Шеберқол» бизнес жобасын қолдау аясында 1 000 000 теңгелік сертификат Дарайым Қуатоваға берілді. Аймағымыздың жас кәсіпкері Нұрбосын Тасыбекке өз ісін дамытуға 1 000 000 теңгелік сертификат табысталды. Шағын және орта бизнесті дамытуға, өркендеуге атсалысып жатқан жастарға алдағы уақытта кәсіптеріне тек табыс пен сәттілік тілейміз. Істері оңға бассын. Салтанатты рәсімнен соң, Ұлытау облысынан арнайы келген «Жастар» театрының өнерпаздары керемет өнерлерін паш етті.
Тәуелсіздігіміздің айғағы, береке-бірлік ұйытқысы, жасампаздықтың жаңғырығы Елордамыз елдігіміздің бойтұмарына айналды десек артық емес. Ендеше Астанамыздың мерейі үстем болсын, елдігіміз мәңгілік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман болсын!