Еңбек – адам өмірінің мәні, қоғам дамуының қозғаушы күші.
Қай кезеңде де елдің өркендеуі, экономиканың тұрақтылығы мен қоғамның берекесі адал еңбек етіп жүрген азаматтардың қажырлы еңбегіне тікелей байланысты. Еңбек адамын құрметтеу, оның еңбегін бағалау – елдіктің белгісі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Өндіріс, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларында еңбек ететін мамандар – мемлекетіміздің дамуы мен тұрақтылығының негізін қалайды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек адамының мәртебесін арттыруға, жастарды кәсіптік білімге баулуға бағытталған түрлі шаралар жүзеге асуда.
Шебер қол, адал ниет, кәсібіне деген сүйіспеншілік – нағыз маманның басты қасиеті. Осындай қасиет иелері ел игілігі үшін еңбектеніп, туған өлкенің дамуына өз үлесін қосуда. Жәйрем мен Қаражал өңірінің кеншілері, механизаторлары, ұсталары мен құрылысшылары – өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген еңбек майталмандары.
Еңбекпен шыңдалған ел ешқашан еңсесін түсірмейді. Себебі қоғамның іргетасы – еңбек адамында. Адал еңбектің арқасында елде тұрақтылық орнап, әрбір отбасының тұрмысы түзеледі.
Сондықтан да жастардың бойында еңбекқорлық қасиетті қалыптастыру, кәсіби біліктілікке баулу – уақыт талабы.
Қай салада болмасын өз ісін шынайы сүйіп, табандылықпен еңбек еткен жанның еңбегі еленбей қалмайды.
Бүгінгі жас – ертеңгі білікті маман, ал олардың табысты еңбегі – ел келешегінің кепілі.
Сондықтан да еңбекпен шыңдалған елдің еңсесі биік, абыройы асқақ, болашағы жарқын!
Сагинтаева Гульнар Сапаровна
Қаражал қаласының Мансап орталығының директоры
