Адам өмірі – тоқтаусыз ағып жатқан өзен секілді. Біреулер толқынмен алысып, жағаға жетпей үмітін үзсе, енді біреулер қиындыққа қайыспай, маңдай термен, еңбекпен өз жолын салып, үлкен өмір мектебінен өтеді. Осындай тағдыр жолын еңбекпен өрген, көпке үлгі боларлық азаматтардың бірі – Ардақ Әкімбаев.
Ардақ Ерғазыұлы – өмір бойы еңбекпен келе жатқан қарапайым қазақ азаматы. Ол 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі өмірден ерте озған соң, шаңырақтың тірегі ретінде бала жастан-ақ анасына қолғабыс болып, отбасының ауыр жүгін арқалап өседі. Жеті баланың бірі болған ол, тағдыр сынына мойымай, ауылдағы мектепті аяқтап, арнаулы техникалық оқу орнында білім алады. Жастайынан техникаға жақын Ардақ Ерғазыұлы трактор руліне отырып, еңбек жолын бастайды
Өмірдің түрлі жолдары Ардақ ағаны Қаражал қаласына алып келеді. 1990 жылдан 2006 жылға дейін ішкі істер бөлімінде кезекші, жүргізуші қызметтерін атқарады. Он алты жыл бойы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарған Ардақ аға бүгінде де қарапайым еңбектің қадірін біліп, қаланың коммуналдық шаруашылық мекемесінде су тасушы көлік жүргізушісі қызметін атқарып жүр. Бұл салада да оның еңбек өтілі – 19 жыл. Өз ісіне адалдығы мен жауапкершілігі үшін ол Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Қаражал қаласына қоныс аударған Ардақ аға 1991 жылдың қараша айында Ләззат Өсербайқызымен отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған отбасы. Жұбайы – білім саласының білікті маманы, № 1 Тірек мектебі (ресурстық орталық) директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Балалары – ата-ананың сенімін ақтаған, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтар мен азаматшалар. Үлкен қызы Айгерім – ҚарҰУ-ды тәмамдап, Қаражал қаласында техникалық қызмет көрсету және қауіпсіздік техникалары басқармасында оператор ЭВМ лауазымында еңбек етеді. Ортаншы қызы Айгүлім – Жаңаарқа аудандық сотында инспектор. Ұлы Ануар – төтенше жағдайлар бөлімінде аға лейтенант
Ардақ аға насихатсыз-ақ өзінің қарапайым тірлігімен елге үлгі. Қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне үлес қосып жүрген адамдардың бірі. Қарапайым болса да, еңбегі бағаланған жан. Өзі де, ұрпағы да қоғамға үлес қосып, ел ертеңі үшін аянбай тер төгіп келеді. Бүгінгі жастарға үлгі боларлық өмір жолы – оның қарапайымдылығы мен табандылығының көрінісі.
Ардақ ағаның өмір жолы – шынайы еңбек пен төзімділіктің айқын үлгісі. Ешкімге міндетсінбей, қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, адал жолмен өз орнын тапқан жан – нағыз құрметке лайық. Мұндай азаматтар көп болса, елдің де іргесі берік болары сөзсіз.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
