Еңбек майталмандары – ел дамуының тірегі

Еліміздің әрбір жетістігінің артында көзге көп көріне бермейтін, бірақ орасан зор күш пен табандылыққа толы еңбек жатыр. Күннің аптап ыстығына да, қақаған аязына да қарамай, өндіріс пен шаруашылықтың алдыңғы шебінде жүрген жұмысшы мамандар – мемлекеттің нағыз тірегі. Құрылыс алаңында кірпіш қалап жатқан шебер де, зауытта күрделі механизмді басқарып тұрған оператор да, алыс жолды бағындырған жүргізуші де – барлығы ел дамуына бірдей үлес қосып келеді.
Бүгінгі таңда еңбек майталмандары заман талабына сай жаңаша қарқынмен еңбек етуде. Жаңа технологияларды меңгеру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, өнім сапасын үздіксіз арттыру – олардың басты міндеттерінің қатарында. Бұл бағытта әр мамандық тек физикалық күшті ғана емес, жоғары деңгейдегі білім мен тәжірибені қатар талап етеді. Шеберлігі шыңдалған дәнекерлеуші, электр маманы, механизатор немесе құрылысшы – барлығы да ел экономикасының сенімді негізін қалыптастырып отыр.
Еңбекке деген құрмет – ұлттың болашағына деген құрмет. Әрбір азамат қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеруге, олардың жетістігін дәріптеуге үлес қосуы тиіс. Себебі нағыз өркениетті мемлекет – еңбектің қадірін түсініп, маңдай термен келген жетістікті бағалай білген ел. Еңбек майталмандарының табандылығы мен адалдығы – Қазақстанның тұрақты дамуының және жарқын болашағының кепілі.

Ким Артем Сергеевич
Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты,
Дзюдо күресінен спорт шебері.