Еңбек – ел дамуының өзегі

Қоғам ілгерілеуінің басты қозғаушы күші – еңбек. Бұл өмірдің негізі, ал еңбектің иесі – еңбек адамы. Қарапайым жұртшылықтың қажырлы еңбегімен ел дамиды, ұрпақ тәрбиеленеді, өркениет өріс алады.

Еңбек адамы – күнделікті тыныс-тіршіліктің көрінбейтін қаһарманы. Ол таңнан кешке дейін бір орында дамыл таппай, өз ісінің шебері ретінде қоғамға қызмет етеді. Еңбегінің жемісін мақтанышпен көрсетпесе де, оның жасаған ісі ел игілігіне айналады.

Әр салада еңбек етіп жүрген азаматтардың маңызын бағалау – өркениетті қоғамның белгісі. Бүгінгі таңда елімізде түрлі кәсіп иелері – мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, дәнекерлеушілер мен шаруалар – барлығы Қазақстанның алға басуына өз үлесін қосып келеді.

Мемлекет тарапынан да адал еңбекке ерекше көңіл бөлініп келеді. Жұмысшы мамандарды қолдау, еңбек құқықтарын қорғау және кәсіби біліктілікті арттыру жолында нақты шаралар атқарылуда. Бұл – еңбек адамын қоғамда лайықты деңгейге көтерудің маңызды қадамы.

Бүгінгі заманда еңбек тек табыс табу құралы емес, адамның тұлғалық дамуына да ықпал ететін құндылыққа айналды. Өз ісіне адал адам үнемі жетістікке жетеді, ал оның табандылығы жастар үшін өнеге бола алады.

Еңбек адамы – ел ертеңінің кепілі. Оның тыныш тірлігі мен маңдай тері – мемлекеттің қуаты мен тұрақтылығының іргетасы. Сондықтан осындай азаматтарды құрметтеп, олардың еңбегін бағалау – баршамыздың парызымыз.

Оспанова Замзагуль Кажмукановна

Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, қалалық Аналар кеңесінің төрағасы