Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Бұл стратегиялық құжатта еңбек нарығын жаңғырту, жұмыс орындарын көбейту және еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселелері айрықша орын алды.
Қаражал қаласы Мансап орталығы еңбек нарығының нақты жағдайын терең түсіне отырып, Президент көтерген міндеттердің маңызын күнделікті жұмыста айқын сезінеді. Бүгінде еңбек ресурстарын дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету, кәсіби дағдыларды арттыру – өңірдің тұрақты дамуы үшін негізгі басымдықтардың бірі.
Президент Жолдауында атап өтілгендей, цифрлық трансформация жаңа мамандықтарды ғана емес, жаңа талаптарды да қалыптастыруда. Осы ретте Мансап орталығының басты мақсаты – азаматтарға өзгеріп жатқан еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік жасау, олардың кәсіби әлеуетін ашу.
Жыл сайын аймақ тұрғындары қысқа мерзімді курстардан өтіп, жаңа кәсіп меңгеріп, тұрақты жұмыс орындарына орналасуда. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесі.
Еңбек адамына деген құрмет тек моральдық деңгейде ғана емес, нақты қолдау шаралары арқылы көрінуі тиіс. Президент атап өткендей, әділ еңбекақы жүйесін құру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдауды арттыру – қоғамның тұрақты дамуына кепіл.
Қаражал қаласында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде: жұмыс іздеушілерге кеңес беру, жұмыспен қамту бағдарламаларына тарту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді.
Жолдауда ерекше назар аударылған – жастарды техникалық және кәсіптік білімге бағыттау мәселесі. Қаражал қаласы Мансап орталығы да жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына барынша жағдай жасауда. Жергілікті кәсіпорындармен әріптестік орнату, дуальды оқытуға жолдау, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу – осының дәлелі.
Жасанды интеллект дәуірі қанша жерден технологиялық болса да, оның табысты жүзеге асуы білікті мамандардың еңбегіне тікелей байланысты. Озық технологияны енгізетін де, оны басқаратын да – еңбек адамы. Сондықтан, еңбек адамына деген құрмет – ел дамуының берік іргетасы.
Қаражал қаласы Мансап орталығы Мемлекет басшысының тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, алдағы уақытта да еңбек нарығын дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді. Біздің басты мақсат – әр азаматтың кәсіби әлеуетін жүзеге асырып, елдің өркендеуіне үлес қосуына мүмкіндік жасау.
Гүлнар САГИНТАЕВА,
Қаражал қаласы «Мансап орталығы» филиалының басшысы.
