Бақыт – бауырларыңмен бірге болу. Бір комбинатта еңбек ететін, іргесі берік үлкен отбасылар дәл осылай деп санайды. Жәйрем кен байыту комбинатында бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен тоғызыншы еңбеккерлер әулеттерінің шеруі өтті. Салтанатты шараға әулеттерінде атадан балаға, баладан немереге мирас болған еңбекқорлықтың шынайы көрінісін беретін, бірлігі мен тірліктері жарасқан отбасылар қатысты.
Шеруге бес отбасыдан құралған 60 адам қатысты. Шерудің алдыңғы легінде жалпы еңбек өтілдері 133 жыл болған Дүйсембиндер әулеті шықты. Үлкен әулеттің басшысы Ғалым Дүйсенбин 1997 жылдан бастап қосалқы көліктер цехында автокөлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Содан бері тапжылмастан бір орында жұмыс істеп келе жатқан Ғалым ағаның туған бауыры Жұмағазы Жүсіпбеков – полиметалл байыту фабрикасында сорғы қондырғысының машинисі. Ол ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төс белгісінің иегері.
Шеруді жалпы еңбек өтілдері 104 жыл Төлеушиндер әулеті жалғастырды. Әулет қожайыны Амантай Төлеушин – «Жәйрем КБК» АҚ-да 40 жылдай уақыт еңбек етіп, қазіргі таңда комбинат ардагері болып отырған жан, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісінің иегері. Амантай ағаның балалары да әке жолын қуып, осы тау-кен саласында жүрген бір-бір білікті мамандар.
– Мен өндіріс аяққа тұра бастағанда еңбек жолымды бастаған едім, – дейді Амантай Төлеушин. – Комбинат түрлі кезеңдерді басынан өткерді. Өрлеу де, құлдырау да болды. Бірақ дәл қазіргідей өркендеген кезі есімде жоқ… Жұмыскерлердің жаңа толқыны комбинаттың олар үшін қандай жағдай жасап жатқанын естерінде ұстап, өндірістің қарқынды дамуына өз үлестерін қосуға барынша тырысқаны өте маңызды. Ол үшін барлық ресурстар, соның ішінде, адами ресурстар да бар. Еңбеккерлер әулеті – бұл ұжымның тірегі деп есептеймін. Өз балаларымды да жауапты және адал болуға, абыроймен еңбек етуге үйретемін.
Келесі кезекте 83 жыл еңбек өтілдері бар Кәрібаевтар әулеті қошеметпен ортаға шақырылды. Әулетті басқарып келіп отырған Күлзипа Кәрібаева Жәйрем комбинатында 18 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Қазіргі таңда комбинат ардагері. Ұлы Мүбарак Кәрібаев қарапайым қара жұмыскерліктен қызмет сатысында өз еңбегімен көтеріліп жүрген жан. Бірнеше жыл тау-кен көліктер цехында еңбек етіп, қазіргі таңда «Жәйрем КБК» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төс белгісімен марапатталған. Екінші ұлы Жалғастың жары – Қаламқас Тайкенова –техникалық күтіп қарау және жөндеу жұмыстары басқармасының қоймашысы. Комбинатта Күлзипа анамыздың немерелері де еңбек етеді. Ұжымда адамдармен қалай тіл табысу керектігі жайында ақыл-кеңестерін әрдайым құлақтарына құйып отырады.
– Әжем үнемі құнды кеңестер айтады, – дейді Ұлар Кәрібаева, Күлзипа апаның немересі, аналитикалық зертхананың жетекші инженері. – Ал мамандығымды таңдауға келгенде әкемнің үлесі зор. Ол зертханашы болып жұмыс істеуді ұсынды. Кезінде ақылына құлақ асқаныма өкінбеймін. Өз жұмысымды жақсы көремін. «Казцинктің» бізге көңіл бөліп, өтінішімізді жерге тастамайтыны ұнайды. Жаңа жобалар іске асырылуда, заманауи жабдықтар пайда болуда. Оларды зертхана жұмысына енгізу барысына қатысуға әр қызметкерге мүмкіндік берілген. Әрине, қиындықтар да болып тұрады. Дегенмен өндірістің өзге алаңшаларындағы әріптестеріміздің арқасында, сұрақтардың шешімін табамыз! Мен ұжымыма маған бар білгендерімен бөлісіп, қолдау білдіргендері үшін алғыс айтамын.
Ортаға құрметтеліп шақырылған әулеттердің келесі легінде жалпы еңбек өтілі 66 жыл Ақжарқыновтар әулеті шықты. Әулеттің басы Байтұрсын Ақжарқынов Жәйрем кен байыту комбинатында отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп, еңбегінің зейнетін көріп отырған жан. Әкесінің ізін қуып балалары да комбинатта еңбек етуде. Ұлы Серік Ақжарқынов «Батыс» кен орнында тау-кен көлігінің жүргізушісі. Үлкен қызы Эльмираның жолдасы, Қайсарбек Құлжанов – темір жол цехында тепловоз машинисінің көмекшісі. Ортаншы қызы Маржан комбинаттың мердігер ұйымы «ТехЭкспертСервис» ЖШС-де жұмыс істесе, кіші қызы Гүлдана – аналитикалық зертханада химиялық талдама зертханашысы. Гүлдананың жолдасы Тимур Ермекбаев – «Жәйремнің дамуы» корпоративтік қорына қарасты спорт федерациясында жаттықтырушы.
– Мен үлкен әулеттің бір бөлшегі болғаныма мақтанамын, – дейді Серік Ақжарқынов. – Біз отбасымызбен туған үйіміздей болып кеткен өндірісте еңбек етеміз, және де «Казцинктің» келуімен қандай оң өзгерістер болып жатқанын көріп жүрміз. Бұл бізге ертеңімізге деген сенімділік ұялатады. Жалақы уақтылы төленеді.
Түрлі жарыстар, мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Жаңа технологиялар енгізілуде, адамдар жаңа мамандықтарды игеруде. Кентті көркейтуде де көп шаруа тындырылды. Өміріміз жарқын сәттерге толы. Бұдан да жақсы болады деп ойлаймын. Біз отбасымызбен келешегіміздің кемел болуына, әкеміздің әулетімізді мақтан тұтуы үшін барымызды саламыз.
Ібіжановтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 44 жыл 7 ай. Әулеттің басы Әміре Ібіжанов өндірісте 15 жылдан артық еңбек еткен. Қазіргі таңда «Жәйрем КБК» АҚ еңбек ардагері. Ұлы Еркебұлан – полиметалл байыту фабрикасында басқару пультінің операторы. Немересі Арсылан Әбіжанов комбинаттың күрделі құрылыс бөлімінде жұмыс істесе, тағы бір немересі Әмірен Ислам – полиметалл байыту фабрикасында аппаратшы. Бұл – үлкен еңбеккерлер әулетінің бір бөлігі ғана.
– Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» мақаласында адамның құқығын қорғау, оған өндірісте алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызу, елге сіңірген еңбегіне орай құрмет көрсету міндеттелген. Күнделікті күйбең тіршілікте бар сенгені тұла бойындағы қара күші мен болмысындағы еңбекқорлық болып, ақ адал еңбегімен нанын тауып жүрген қарапайым еңбеккерлерге деген құрмет қашанда жоғары болуы тиіс, – деп санайды «Жәйрем КБК» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбарак Кәрібаев. – Біз шеруде құрметтелген, ұлағатты да мерейлі отбасыларға тек жақсылық, ымыра біршілік және баянды бақыт тілейміз!
Татулықты ту еткен еңбеккерлер отбасын комбинат басшылары да құттықтады. «Жәйрем КБК» АҚ тұрақты даму жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков, әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Ақтоты Жазыбекова өндірістің дамуына қосқан зор үлестері үшін алғыстарын білдірді. Арнайы шақырылған барлық отбасы мүшелеріне ақшалай сыйлықтар, кубоктар мен гүл шоқтары табысталып, мерекелік ақ дастарқан жайылды. Кеш қонақтарына жуырда ғана болған «Алтын микрофон» ән байқауының жеңімпаздары Төлеген Айтбеков, Серікжан Күлмай және «Нұр» би ансамблі өнер көрсетті. Жергілікті жалғыз өндіріс ошағы Жәйрем комбинатының кешегісі мен бүгіні және болашағы талқыланып, керемет естеліктер айтылған тамаша кеш болды.
Ынтымағы жарасқан осы отбасыларға сүйсіне қарап отырып, еңбеккерлер әулетінің бір салада немесе ұйымда жұмыс істейтін туыстар ғана емес екендігін түсінесің. Бұл – абыройлы атақ және кез келген кәсіпорынның берік қазығы.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Алена ЕРМОЛАЕВА.