Жәйрем кен байыту комбинатында дәстүрге айналған Х Еңбеккерлер әулеттерінің шеруі салтанатты түрде өтті. Іс-шараны Бастауыш кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды. Бұл мерекелік жиын – атадан балаға жалғасқан еңбекқорлық пен бірліктің айқын көрінісі. Биылғы шеруге өндірістің өрісін кеңейткен, өмірін адал еңбекпен өрген бес отбасы қатысты.
Мерекенің шымылдығын «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов, «Казцинк» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Раиса Дюсебаева, Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев және цех басшылары ашып, еңбек әулеттеріне алғыстарын білдірді.
Әбдіманаттар әулеті – қарапайымдылық пен еңбекқорлықтың үлгісі
Шерудің алдыңғы легінде жалпы еңбек өтілі 92 жылды құрайтын Әбдіманаттар әулеті шықты. Бұл әулеттің бәйтерегі – Әбдіманат Жазыбеков. Ол комбинатта 30 жылдан астам бұрғылау қондырғысының машинисі болып еңбек еткен. Өкінішке қарай, Әбдіманат ағамыз бен жары Қамқа анамыз бүгінде арамызда жоқ. Жатқан жерлері жайлы болсын.
Әке жолын жалғаған ұлдары Асқар Жазыбеков – «Жәйрем» кенішінде бұрғылау қондырғысының машинисі, еңбек өтілі – 38 жыл. Қызы Ақтоты Жазыбекова – комбинаттың әлеуметтік қолдау бөлімінің басшысы, еңбек өтілі – 17 жыл. Немересі Болат Жазыбеков те өндіріс саласында, еңбек өтілі – 5 жыл, қазір әскери борышын өтеп жүр. Ал Аружан Әбдіманатова – басқарма төрағасының офис менеджері, еңбек өтілі – 2 жыл.
Нұрлановтар әулеті – өнер мен еңбек қатар өрілген
Келесі болып сахнаға жалпы еңбек өтілі 141 жылды құрайтын Нұрлановтар әулеті көтерілді. Бұл әулет тек еңбекпен ғана емес, өнерімен де танымал. Әулеттің үлкені Жақсылық Аманкелдіұлы комбинатта 27 жыл еңбек еткен. Өкінішке қарай, ол кісі де арамызда жоқ. Бірақ, артында өнегелі ұрпақ қалдырды.
Ұлдары Мейрам Нұрланов – өтім бөлімінің басшысы, еңбек өтілі – 21 жыл, басқарманың цехкомы, «Акцент» КВН клубының негізін қалаушылардың бірі. Екінші ұлы Абай Нұрланов – бүгінде «Жәйрем марганеці» кен орнының бас директоры. Туған бауырлары Еркебұлан – жүк тиеуші (27 жыл), Марғұлан – жол жөндеуші (31 жыл).
Әулеттің басқа мүшелері де комбинаттың әр саласында еңбек етіп жүр: Аманкелді Ұлан – инженер (4 жыл), Айбек – қоймада жүк тиеуші (2 жыл), Ислам – конвейер машинисі (1 жыл), Сабыржан – жүк тиеуші (3 жыл).
Бауыржан Нұрланов көзі тірісінде тау-кен көліктерінің жүргізушісі болған. Оның ұлдары Алмат – жүк тиегіш жүргізушісі (5 жыл), Нұрасыл – қоймада жүк тиеуші (1 жыл). Күйеу баласы Ардақ Балғымбеков – сепаратор машинисі (14 жыл).
Кәрібаевтар әулеті – адалдық пен ардагерлік жолы
Үшінші болып ортаға жалпы еңбек өтілі 123 жылды құрайтын Кәрібаевтар әулеті шықты. Әулеттің ақсақалы – Пионер Кәрібаев, комбинатта 38 жыл автокөлік жүргізушісі болған. Ұлы Өнер Кәрібаев – 40 жыл бойы көлік жүргізген. Екеуі де бүгінде Ардагерлер кеңесінің құрметті мүшелері.
Немерелері Асхат пен Самат – тау-кен көліктерінің жүргізушілері (2 және 13 жыл). Күйеу баласы Боранбай Бақтыгелдинов – сорғы қондырғысының машинисі (26 жыл), жиені Қали Боранбаев – диспетчер (4 жыл).
Ақеділовтер әулеті – өндірістің алтын діңгегі
Комбинатпен байланысы жетпісінші жылдардан басталған Ақеділовтер әулеті – еңбек пен парасаттың үлгісі. Әулеттің негізін қалаған Жанибек Өтегенұлы Ақеділов Жәйремге арнайы шақыртумен келіп, өндірістік бөлімнің басшысы, бас инженер, тау-кен жұмыстары бойынша директордың орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарған. Өкінішке қарай, Жанибек ағамыз да, ұлы Мұханбетжан да бүгінде арамызда жоқ. Жатқан жерлері жайлы болсын.
Мұханбетжан Ақеділов комбинатта кен ұсақтаушы, кейін техникалық бақылау бөлімінде слесарь болып еңбек еткен. Оның жары Күләш Ержанова – 42 жыл бойы техник-геолог қызметін атқарған, бүгінде Ардагерлер кеңесінің белді мүшесі.
Еңбек жолын жалғаған ұрпақтары да бүгінгі кештің қонақтары: ұлы Руслан Ақеділов – полиметалл байыту фабрикасында механик (3 жыл), немересі Құрбан Ақеділов – сорғы қондырғысының машинисі (9 ай).
Әулеттің тағы бір тірегі – Марлен Ақеділов, комбинатта 30 жыл автобус жүргізушісі болған. Ол кісінің жары Марияш Ақеділова – 41 жыл еңбек етіп, соңғы жылдарын жанармай құю станциясында оператор болып өткізген. Бүгінде зейнетте, Ардагерлер кеңесінің мүшесі. Ұлы Жансерік Жанбеков – жөндеуші слесарь (8 жыл).
Мұханбетжан ағамыздың қарындасы Ләйләнұр Ақеділова – энергия цехында 40 жыл еңбек еткен. Әулеттің тағы бір мүшесі Азамат Ақеділов – комбинат басқармасында белді маман (11 жыл). Ақеділовтер әулетінің жалпы еңбек өтілі – 145 жыл 9 ай.
Тілеубаевтар әулеті – көліктердің құлағында ойнаған шеберлер
Кештің тағы бір құрметті қонағы – көлік тізгінін өмірлік серік еткен Тілеубаевтар әулеті. Әулеттің ақсақалы Иген Тілеубайұлы комбинатта 35 жыл автокөлік жүргізген. Ұлы Нариман әке жолын жалғап, көліктер цехында 14 жыл еңбек етіп келеді. Немересі Азамат та осы цехта 1,5 жылдан бері жұмыс істейді.
Ал келіні Динара Усенова – аналитикалық зертханада 17 жыл қызмет атқарған. Иген ағамыздың бауырлары да өндірістің бел ортасында: Әбікен Тілеубайұлы – қазандық машинисі (22 жыл), Қайрат Тілеубайұлы – сорғы қондырғысының машинисі (31 жыл).
Ағасының баласы Қайролла Ералин – жүк тиегіш жүргізушісі (29 жыл), бүгінде әлеуметтік зейнетте. Інісінің баласы Бауыржан Тілеубаев – учаске бастығы (4 жыл).
Күйеу балалары да еңбек майданында: Тұрлыбай Смайлов – жөндеуші слесарь (26 жыл), Марғұлан Айкенов – автокөлік жүргізушісі (3 жыл). Тілеубаевтар әулетінің жалпы еңбек өтілі – 182 жыл 5 ай.
Кеш қонақтарына «Алтын микрофон» ән байқауының жеңімпаздары Сандуғаш Домебаева мен Төлеген Айтбеков, сондай-ақ «Нұр» би ансамблі өнер көрсетті.
Бұл мереке – еңбектің қадірін ұлықтап, ұрпаққа өнеге көрсеткен әулеттердің құрметіне арналды. Жәйремнің өркендеуіне үлес қосқан барша еңбек адамдарына алғысымыз шексіз! Ынтымақтарыңыз жарасып, табыстарыңыз еселене берсін!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
