Еңбек адамы – қоғамның арқа сүйері

Қай заманда болмасын, қоғамның тіршілігі мен дамуы еңбек адамдарының ерен еңбегіне сүйеніп келген. Ел ішінде елеусіз жүргенімен, шын мәнінде елдің ертеңін қалыптастырып жатқан жандар – нағыз еңбек адамдары. Олар күнделікті тыныс-тіршілігіміздің тынысын ашып, өміріміздің әр саласына үлес қосып жүрген қарапайым, бірақ қажырлы жандар.

Еңбек – адамның өзін-өзі тануына, өмірлік мақсатына жетуіне жол ашады. Еңбек арқылы адам тәртіпке үйреніп, өмірге деген жауапкершілігін арттырады. Қазіргі таңда техника мен технология дамыған заманда да адам еңбегінің маңызы төмендеген жоқ. Керісінше, еңбек адамының қажыр-қайраты, білімі мен кәсібилігі – басты құндылыққа айналды.

Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген механизаторлар мен диқандар – ел экономикасының тірегі. Қала құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылар – өмір сүру жағдайын жақсартуға атсалысатын қаһармандар. Қарапайым тазалықшыдан бастап инженерге дейін – әрбір еңбек адамы қоғамның бір тетігі болып табылады.

Мемлекет тарапынан «Жылдың үздік еңбек адамы», «Еңбек ері» секілді марапаттар – осы еңбекке берілген құрметтің белгісі. Осындай марапаттар арқылы жастарға еңбек етудің маңызын ұғындыру – өте құптарлық іс. Себебі еңбекқорлық – ұлттың болашағын айқындайтын басты қасиеттердің бірі.

Бүгінгі ұрпақ еңбек адамын үлгі тұтып өсуі тиіс. Өйткені еңбек еткен адам – өз тағдырын өзі қалыптастыра алады. Еңбекпен жеткен жетістік – ең берік әрі абыройлы жеңіс.

Жұмакүл Ахметова

Қаражал қалалық мәслихатының депутаты,

Қаражал қаласының №1 жалпы білім беретін мектебінің директоры