Еңбек адамы: ел экономикасының нақты қозғаушы күші

Қандай заманды алсақ та, елдің ең сенімді тірегі – өз ісіне берілген, кәсібін терең меңгерген еңбек адамдары. Әсіресе Жұмысшы мамандықтар жылы аясында олардың қоғамдағы орны жаңа қырынан бағаланып, кәсіби шеберлікті дамытуға арналған бастамалар ерекше қарқын алып отыр. Бұл жыл – жұмысшы мамандықтарының маңызын айқындайтын, еңбек адамын қолдауға бағытталған нақты істер кезеңі.

Бүгінгі өндірістің жаңаруы, инфрақұрылымның дамуы және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі – жұмысшы мамандардың табанды еңбегінің тікелей нәтижесі. Құрылыс алаңынан бастап өндіріс желісіне, энергетика нысандарынан бастап көлік инфрақұрылымына дейінгі барлық салада еңбеккерлердің кәсібилігі шешуші рөл атқарады.

Жұмысшы мамандықтар жылы елімізде кадр саясатын жаңғырту, заманауи технологияларды меңгерген мамандар дайындау және еңбек нарығындағы сұранысқа сай жаңа бағыттарды қалыптастыруға серпін беріп отыр. Кәсіптік білім жүйесінде дуалды оқыту кеңейіп, өндіріс орындарымен интеграция нығайып, жұмысшылардың біліктілігін арттыру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар бұл жыл еңбек адамының беделін көтеруге бағытталған әлеуметтік және ақпараттық бастамалармен де ерекшеленеді. Үздік мамандарды марапаттау, олардың табысты тәжірибесін насихаттау – жас буын үшін үлгі, кәсіптік бағыт берудің тиімді тетігі.

Еңбек адамы – тек белгілі бір саланың маманы ғана емес, мемлекет дамуының қозғаушы күші. Олардың күнделікті еңбегінің арқасында ел экономикасы тұрақты дамып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Сондықтан да жұмысшы мамандықтарын қолдау – еліміздің стратегиялық мүддесіне сай маңызды міндет.

Оспанова Замзагуль Кажмукановна

Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы