«Еңбек адамы – ел байлығы» атты марапаттау рәсімі өтті

Қаражал қаласында қарапайым еңбек адамдарының еңбегін дәріптеуге арналған «Еңбек адамы – ел байлығы» атты салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауына орай ұйымдастырылды. Бұл бастама ел дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген жұмысшы мамандардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған.

Салтанатты рәсім барысында түрлі салада табанды еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен және жауапкершілігімен ерекшеленген азаматтарға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Марапат иелері – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген, өз ісіне адал жандар.

Шара барысында еңбек адамының қоғамдағы маңызы, адал еңбектің ел болашағы үшін айрықша рөл атқаратыны атап өтілді. Қаражал қаласының көркеюі мен тұрақты дамуы осындай еңбекқор азаматтардың маңдай терімен тікелей байланысты екені айтылды.

Аталған марапаттау рәсімі еңбек адамына деген құрметті арттыруға және жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.