Қоғамның даму тарихына зер салсақ, өркениет пен өркендеудің бастауы әрдайым еңбек адамының маңдай терімен байланысты болғанын көреміз. Бүгінде Қазақстанның экономикалық қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы да осы заңдылықтан алшақ емес. Қай салаға үңілсек те – тау-кен өндірісінен бастап энергетикаға, ауыл шаруашылығынан құрылысқа дейін – нақты нәтижені қамтамасыз етіп отырған негізгі күш кәсіби жұмысшы мамандар болып табылады. Олар елдің индустриялық әлеуетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын нығайтудың берік діңгегіне айналып отыр.
Қазіргі жаһандық жағдайда еңбек адамының рөлі бұрынғыдан да маңызды. Цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған жүйелер қаншалықты дамығанымен, өндірістің жүрегінде адам еңбегі тұр. Жаңа жабдықтарды іске қосу, күрделі инженерлік шешімдерді практикада жүзеге асыру, өнімнің сапасын қамтамасыз ету – осының бәрі жұмысшы мамандардың кәсіби біліктілігіне тәуелді. Сондықтан мемлекет үшін жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру стратегиялық маңызы бар міндет болып қала береді.
Еңбек адамының әлеуетін күшейту – тек экономикалық қажеттілік емес, ол әлеуметтік әділеттіліктің де көрінісі. Әрбір адал еңбек иесінің құқығын қорғау, лайықты жалақымен қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – елдің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Өйткені еңбек адамы өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгенде ғана кәсібіне деген ықыласы артады, ал бұл өз кезегінде өндіріс өнімділігін еселейді.
Тажитова Алтын Зарубаевна
Қаражал қаласының білім бөлімінің әдіскері