Еңбегімен елге танылған Саягүл

Жәйрем кен байыту комбинатының полиметалл байыту фабрикасында конвейер машинисі болып еңбек ететін Саягүл Қинаятова – қарапайым жұмысшыдан кәсіби биікке көтерілген еңбек адамының жарқын үлгісі.

Өндірістегі еңбек жолын небәрі 19 жасында Батыс Қиыр кенішінде вулканизаторшы болып бастаған Саягүл бүгінде тау-кен саласының тәжірибелі маманы. Ол «Жомарт» кенішінде тау-кен жұмыскері, қорғасын байыту фабрикасында конвейер машинисі қызметтерін абыроймен атқарып, кәсіби шеберлігімен көзге түсті. Жаңадан ашылған заманауи полиметалл фабрикасына ауысқаннан кейін де өз ісінің үздігі ретінде танылып, өндіріс қауіпсіздігі мен өнім сапасына зор үлес қосып келеді.

Конвейер машинисі – фабрикадағы маңызды буын. Бұл мамандық өнімнің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етіп, жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды. Машинистің мұқияттылығы мен техникалық сауаттылығы өндірістің тиімділігіне тікелей әсер етеді. Саягүл осы міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып, әріптестері арасында зор беделге ие.

– Өндірісте әр секунд маңызды. Қауіпсіздік пен сапа – менің басты ұстанымым. Әр ауысымда өзіме және әріптестеріме сенімді болу үшін барымды саламын, – дейді Саягүл.

Саягүлдің еңбекқорлығы мен табандылығы – оның отбасынан бастау алған қасиет. Әкесі Сайлау Қинаятов ұзақ жылдар бойы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да сорғы қондырғысының машинисі болып еңбек етсе, анасы Нағима апай да өндірісте ер-азаматтармен қатар тер төккен жан. Олар жеті баланы тәрбиелеп, еңбекке баулыды. Бүгінде Қинаятовтар әулетінің мүшелері түгелге жуық өндіріс саласында еңбек етіп, ел экономикасына үлес қосып келеді.

– Ата-анам бізге еңбекпен ғана биікке жетуге болатынын үйретті. Сол тәрбие мені осы күнге жеткізді, – дейді ол.

Саягүл – өндірісте ерлермен қатар жүретін қарулы жұмыскер ғана емес, үйде сүйікті жар, аяулы ана. «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» деп атайтын бір ұлын тәрбиелеп отырған ол бос уақытында отбасына көңіл бөліп, комбинаттың қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысады. Кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған жарыстарда, әсіресе, арқан тартыс сайысында, Саягүл қатысқан команда үнемі жеңімпаз атанып жүр.

– Жұмыс пен отбасы – екеуі де мен үшін маңызды. Ұлымның тәрбиесі мен үшін ең үлкен жауапкершілік. Ал, ұжыммен бірге жетістікке жету – үлкен қуаныш, – дейді Саягүл.

Бұл – қарапайым жұмысшыдан кәсіби биікке жеткен, адал еңбегімен елге үлгі болған жанның шынайы өмір жолы. Саягүл Сайлауқызының еңбек майданындағы ерлігі мен табандылығы – жас буынға өнеге, елге мақтаныш.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ

Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.