Қоғамның дамуында қарапайым еңбек адамдарының, әсіресе, жұмысшы мамандық иелерінің алар орны ерекше. Жер қойнауын игеріп, өндірістің тынысын тоқтатпай келе жатқан кеншілер мен техникалық сала мамандары – ел экономикасының берік тірегі. Осындай еңбек майданында тынымсыз тер төгіп жүргендердің қатарында Қаражал қаласындағы өндіріс ордасында табанды қызмет атқарып жүрген Садықовтар отбасын ерекше атап өтуге болады.
Раила Шалабайқызы Садықова – еңбек жолын өмірдің түрлі салаларында бастағанымен, соңы өндіріс орнымен тығыз байланыс тапқан, нағыз кәсіби маман. Қызылорда өңірінен білім іздеп, Қарағанды қаласына аттанған жас ару құрылысшы мамандығын меңгеріп, оқу ордасында жүргенде Қаражалдың тумасы, болашақ жары Бүркіт Садықовпен танысады. Жастық сезім отбасылық өмірге ұласып, олар 1989 жылы Қаражал қаласына қоныс аударады. Бүркіт тау-кен саласының маманы ретінде шахтада еңбек етсе, Раила отбасының тіршілігін дөңгелетіп, төрт баланың аяулы анасы атанды.
Уақыт өте келе өмір ағысы Раиланы да өндіріс саласына алып келді. 2005 жылы Қаражалдағы кен байыту фабрикасының іске қосылуымен, ол алғашында табельші-кладовщик ретінде жұмысқа қабылданады. Кәсібіне адалдығымен, тиянақтылығымен танылған ол 2011 жылы жалақы есептеу бөліміне ауысады. Бұл кезеңде өндіріс орындарына жаңа ақпараттық технологиялар енгізіліп, адам күшін техника алмастыра бастаған болатын. Сол себепті қысқартулар орын алып, Раила Шалабайқызы да өзге әріптестерімен бірге басқа қызметке ауысуға мәжбүр болды.
Алайда, ол мұны өмірдің жаңа мүмкіндігі ретінде қабылдады. 2015 жылдан бері ол комбинаттың автокөлік цехында жанар-жағармай құю станциясының операторы қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл қызмет – сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, өндіріс көліктерінің үзіліссіз қозғалысы, барлық учаскелерге отынның уақытылы жетуі – осы маманның біліктілігіне тікелей байланысты. Раила әр литр жанармайды алдын ала есептеп, нақты жоспарлап отырады. Оның мұқияттығы мен ұқыптылығы цех басшылығының да, комбинат жетекшілігінің де көңілінен шығып келеді.
Ал оның жолдасы Бүркіт Садықов қазіргі таңда комбинаттың жарылғыш заттар қоймасының меңгерушісі болып еңбек етуде. Бұл қызметтің жауапкер шілігі ерекше – қауіпсіздік пен тәртіп басты орында. Жылдар бойғы тәжірибесі мен салмақты мінезінің арқасында Бүркіт мырза да жұмысын мінсіз атқарып келеді.
Бұл отбасының өнегелі өмірі – еңбекке деген құрмет пен отбасылық беріктіктің жарқын үлгісі. Бүгінде ұл-қыздары да ата-аналарының жолын жалғап, түрлі салада өз орындарын тауып жүр. Үлкен ұлдары Қарағанды қаласында еңбек етсе, кенжесі Азамат Қаражал шахтасында проходчик болып жұмыс істейді. Ал жалғыз қыздары Сағыныш медициналық академияның резидентурасында білім алып, болашақ дәрігер мамандығына қадам басып жүр.
Осындай отбасы үлгісінен жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін, бұл кәсіп иелерінің де ел болашағына сіңірер еңбегі зор екенін анық көреміз. Олар – ел экономикасының тірегі, өндірістің өзегі, ең бастысы – жастарға үлгі боларлық еңбек адамдары. Раила мен Бүркіт Садықовтардың өнегелі өмір жолы – қарапайым еңбекпен биіктеген отбасылық бақыттың бейнесі. Еңбек адамының абыройын асқақтататын осындай жандар – еліміздің мақтанышы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ