Қаражал қаласы – талай еңбек адамының маңдай терімен қалыптасқан, елге үлгі болар азаматтарды тәрбиелеген қасиетті өңір. Сол азаматтардың бірі – табандылығымен танылған шаруашылық жетекшісі, көпбалалы отбасының тірегі, жомарт жан Думан Асқарбеков. Оның өмір жолы – еңбекпен шыңдалған, ізденіспен өрілген, елге қызмет етуді мұрат еткен азаматтың айқын бейнесі.
1976 жылы Қаражал қаласында дүниеге келген Думан Қамарұлы – жастық шағын өндіріс пен кәсібилікке ден қойған буынның өкілі. 1994 жылы Қаражал қаласындағы кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, газбен және электрмен дәнекерлеуші мамандығын алып шығады. Сөйтіп, еңбекке ерте араласып, қарапайым жұмысшы ретінде дәнекерлеуші болып қызмет етеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, еңбектен тартынбайтын жас жігіттің болашағына деген талпынысы да зор болды. Мамандығымен жұмыс істей жүріп, ол білімін тереңдетуге бел буады.
Кәсіптік мамандықтан басталған еңбек жолы оны үлкен мақсаттарға жетеледі. Думан Қамарұлы Қарағанды қаласындағы банк колледжіне түсіп, қаржылық бағытта білім алады. Кейін 2001- 2004 жылдар аралығында Қарағандыдағы Ресей гуманитарлық университетінде экономист мамандығын сырттай оқып бітіреді.
Осылайша дәнекерлеушіден бірнеше жоғары білікті сала маманына айналу – оның үздіксіз еңбегі мен табандылығының дәлелі. 2001 жылдан бастап Думан Қамарұлы Қаражал қаласындағы мамандандырылған техникалық мектепке ауысып, 2015 жылға дейін өндірістік оқу шебері болып қызмет етеді. Бұл салада ол көптеген жас мамандарды тәрбиелеп, дәнекерлеуші, техниктер мен шеберлердің қалыптасуына зор үлес қосты. Ұстаздық жылдары оның сабырлы мінезін, жауапкершілігін, ізгілігін танытқан кезең болды.
Ұстаз бола жүріп Думан Қамарұлы бауырларымен біріге отырып, «Жансерік» шаруа қожалығын құрады. Алғашында аз ғана малмен басталған бұл қожалық уақыт өте келе еңсесін тіктеп, дамудың даңғыл жолына түседі. 2016 жылдан бастап ол біржола шаруашылықты басқаруға кірісіп, сан тараптан ісін жандандырды. Бүгінде шаруашылықта қой, сиыр және жылқы өсіріледі. Мал басы жыл сайын көбейіп, өнім сапасы жақсарған. Шаруашылықтың техникалық базасы да толық жаңартылып, ауыл шаруашылығына қажетті трактор, жүк көліктері, шөп шабатын және жер өңдейтін техникалар түгел қамтамасыз етілген. Бұл – дұрыс жоспарлау мен еңбектің жемісі.
Думан Асқарбековтың отбасы – оның басты мақтанышы. Жұбайы Жаннұр екеуі алты баланы тәрбиелеп өсіріп отыр. Үйдегі балалар да ата-аналарының ісіне қолғабыс жасап, шаруашылықтың бел ортасында жүреді. Әке еңбегін құрметтеп, ана тәрбиесін қадірлеген бұл отбасылық бірлік – нағыз үлгі.
Отбасылық кәсіпті жолға қойған Асқарбековтер өңірде тату-тәтті, еңбегімен елге үлгі шаңырақ ретінде танылып келеді. Олар – жеке шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер ғана емес, туған қаласының тағдырына бейжай қарамайтын азамат. Қаражал қаласында өтетін әлеуметтік шараларға, қайырымдылық акцияларына, қалалық мәдени-көпшілік жұмыстарға белсене қатысып, демеушілік көрсетіп келеді. Жаңа оқу жылы қарсаңындағы «Мектепке жол», көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету бастамаларында да оның қолтаңбасы бар.
Думан Асқарбеков – еңбекпен шыңдалған, білімін үздіксіз жетілдірген, отбасы құндылығын берік ұстанған, кәсіпті өркендетіп отырған өнегелі азамат. Оның өмір жолы – еңбекқорлықтың, табандылықтың, жігердің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрсеткіші. Қаражал өңірінде дәл осындай азаматтардың болуы – қаланың да, Ұлытау облысының да болашағына сенім ұялатады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
