Кен өндіру – төзім мен табандылықты, білік пен батылдықты талап ететін ерекше сала. Бұл жолда жүрген әрбір жан – ерлікке пара-пар еңбектің иесі. Солардың қатарында елге сіңірген еңбегімен абыройға бөленіп жүрген азаматтардың бірі – «Өркен-Атасу» кәсіпорнына қарасты «Батыс Қаражал» шахтасының бас кеншісі Рашит Сәрсенбаев.
Рашит Барлыбайұлы 1963 жылы Жезқазған облысына қарасты Ақтай поселкесінде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Барлыбай Сәрсенбаев карьерде ағаш шебері, анасы Бәтима Смағұлова моншада еңбек етті. Қарапайым тіршіліктің ортасында өскен бала Рашит отбасындағы еңбекқорлық пен адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп, адал еңбек пен жауапкершілік ұғымын ерте ұқты.
1978 жылы сегіз жылдықты бітірген Рашит Жезқазған қаласындағы тау-кен техникумына оқуға түсіп, 1982 жылы маркшейдер мамандығын алып шығады. Кеңестік дәстүр бойынша жас мамандар Одақтың түкпір-түкпіріне жолдамамен жіберілетін. Рашитке бұйырған мекен – Өзбекстан болды. Ол Самарқанд облысы Еңбекші ауданындағы шахта проходкалау тресінің құрылыс учаскесіне тау-кен мастері болып жұмысқа орналасады. Бұл – оның үлкен еңбек жолындағы алғашқы қадамы еді.
Шахта жұмысының қыр-сырын меңгеріп, саланың қиындықтарымен бетпе-бет келген алғашқы күндерінен-ақ өзінің тындырымдылығы мен ынтасын көрсете білді. 1983 жылы Рашит Сәрсенбаев әскер қатарына шақырылып, Венгриядағы Кеңес Одағы әскерінің құрамында борышын өтейді. Бұл – шетелде қызмет ету арқылы шыңдалған, тәртіп пен талапты бойына сіңірген жылдар еді. Екі жылдық әскери өмір болашақ кеншінің мінезін одан әрі қайрап, төзім мен тәртіпке баулыды.
Әскерден оралған соң, 1985 жылдың тамызында Қаражал қаласындағы Атасу кен байыту комбинатының бұрғылау және қопару учаскесіне кен мастері болып жұмысқа орналасады. Дәл осы жерде Рашит Сәрсенбаевтың үлкен еңбек жолы басталды. Ол ұжымды ұйыстырып, өндірістің айлық-жоспарлық межелерін үнемі асыра орындап отырды. Ұйымдастырушылық қабілетімен, еңбекке деген ыждаһатымен басшылықтың назарына ілігіп, біраз уақыттан соң кен проходкалау учаскесіне учаске бастығының орынбасары қызметіне ауыстырылады.
Басшылық қызметтің жауапкершілігін терең сезінген Рашит Барлыбайұлы бұл жұмысты да абыроймен атқарып, кеншілер ұжымының алдыңғы қатардан көрінуіне себепші болды. Кен өндірісінің әр тетігін бес саусағындай меңгерген ол кейіннен учаске бастығы, өндіріс бөлімінің жетекшісі, шахта бастығы қызметтерін де атқарып шықты. Бұл сатыларға ол біреудің сүйемелдеуімен емес, өз маңдай терімен, қажырлы еңбегімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көтерілді.
Қазір Рашит Сәрсенбаев – «Өркен-Атасу» кәсіпорнына қарасты «Батыс Қаражал» шахтасының бас кеншісі. Көп жылғы тәжірибесі мен терең білігі оны ұжымдастары арасында үлкен беделге жеткізді. Жас мамандарға тәлім беріп, өндірістегі тәртіп пен сапаның сақталуына тікелей ықпал етіп келеді. Ұжымдастары оны сөзі мен ісі бір жерден шығатын, әділ басшы әрі тәлімгер ретінде құрмет тұтады.
Кен өндіру – тек техникалық жұмыс емес, бұл – адамдар арасындағы үйлесімділік, тәртіп, қауіпсіздік, өзара сенімге негізделген сала. Рашит Сәрсенбаев осы қағидаларды әрқашан басты орынға қойып келеді.
Рашит Барлыбайұлының өмір жолында еңбек пен отбасы – егіз ұғым. Жұбайы Махаббат Сәбитқызымен бірге 30 жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп отырған бақытты әке, абзал ата.
Үлкен қыздары Әсел Алматыда тұрады. Жолдасы Өркен – полиция қызметкері. Балалары Азамат – Д.Қонаев атындағы университеттің студенті. Ортаншы қызы Айнұр Қарағанды қаласында нотариус болып қызмет етеді. Жолдасы Ералы – Қазыбек би ауданының әкімі. Балалары Айлин мен Асылбек мектеп оқушылары. Кенже қызы Индира Астана қаласында экономист мамандығы бойынша қызмет етеді. Жолдасы Ермек – қаржы саласының маманы. Жақында жас отбасы Айназ есімді қыздарын дүниеге әкеліп, ата-ана атанды.
Өз ісіне адал, туған өлкеге жанашыр азамат ретінде Рашит Барлыбайұлы – Қаражал жұртшылығының мақтанышы. «Батыс Қаражал» ұжымы да оны ерекше ілтипатпен атайды. Еңбек жолы – жастарға үлгі, тұлғалық болмысы – өнеге.
Жерасты байлығын ел игілігіне айналдыруда аянбай тер төгіп жүрген кен шебері – еңбегімен еленген жан. Өңірдің экономикасын дамытуды өз міндеті санайтын осындай азаматтардың арқасында Қаражал сынды кеншілер қаласының келешегі кемел. Адал еңбектің үлгісіндей болған Рашит Сәрсенбаевтай кеншілердің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа ұлағат, ұлт мүддесіне қызмет етер еңбек тарихы екені даусыз.
Ізбасар ОЙБАС