Бүгін Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Шарада Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Достияров Жасұлан Бейсенбекович ата-аналардың алименттік міндеттемелері және оны орындамаудың құқықтық салдары туралы баяндама жасады.
Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті екенін айқындайды. Егер алимент төлеу туралы келісім болмаса, сот шешімімен ата-ананың табысынан белгілі бір үлес мөлшерінде алимент өндіріліп алынады.
2024 жылғы сот тәжірибесі бойынша:
• Алимент өндіріп алу туралы 1 195 іс бойынша сот бұйрығы шығарылған.
• Әке болуды анықтау және алимент өндіріп алу туралы 71 іс қаралған.
• Неке бұзу істерімен бірге алимент тағайындау бойынша 105 іс қаралған.
• Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 12 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 2 тұлға бас бостандығынан айырылған.
• Ата-аналық құқықтарынан айыру туралы 45 азаматтық іс қаралып, 23 ата-ана ата-ана құқығынан айырылған.
Алименттік міндеттемелерді орындамаудың салдары:
1. Әкімшілік жауапкершілік:
• ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл немесе 5 тәулікке әкімшілік қамақ қарастырылған.
2. Қылмыстық жауапкершілік:
• ҚК-нің 139-бабына сәйкес, алиментті 3 айдан астам төлемегендер 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы, 2 жылға бас бостандығын шектеуі немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
3. Ата-аналық құқықтан айыру:
• Кодекстің 75-бабына сәйкес, алимент төлеуден қасақана жалтарған ата-ана сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін.
Спикер қоғамдық сананы арттыру, ата-аналарды жауапкершілікке тарту және балалардың құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан шараларды атап өтті. Сондай-ақ, халықты алименттік міндеттемелерді орындауға шақырып, борышкерлерге заңды талаптарды орындаудың маңыздылығын ескертті.
Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі