Қазіргі жаһандану дәуірінде әлем елдері қауіпсіздігіне төнген басты қатерлердің бірі – діни экстремизм. Ақпарат ағынының шапшаңдығы, әлеуметтік желілердің кең қолданылуы, қоғамдағы түрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелер радикалды идеялардың таралуына қолайлы жағдай туғызуда. Сондықтан, діни экстремизммен күресу тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналды.
Діни экстремизм – белгілі бір топтың діни ұстанымдарды желеу етіп, қоғамда алауыздық тудыруы, зорлық-зомбылыққа шақыруы, өз идеологиясын күшпен таңуға тырысуы. Мұндай ұйымдар шынайы дін қағидаларын бұрмалап, әсіресе, жастарды алдап-арбай отырып, радикалды әрекеттерге итермелейді.
Экстремизм қоғамның бірлігін бұзады, ұлттық және рухани құндылықтарға қарсы бағытталады, елдің ішкі тұрақтылығына, дамуына нұқсан келтіреді, халықаралық терроризмге жол ашуы мүмкін.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде діни сенім еркіндігін сақтай отырып, радикалды ағымдарға қатаң тосқауыл қою да. Бұл бағытта «Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдар жетілдірілді, арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілді, теологтар, имамдар, дінтанушылар қатысатын ақпараттық-түсіндіру топтары құрылды.
Сонымен қатар, мешіттер, медреселер, ресми діни ұйымдар халыққа дұрыс діни білім беру арқылы қоғамды адасу жолдарынан қорғауға атсалысуда. Діни экстремизмге қарсы күресте отбасының орны ерекше. Жастардың қызығушылығын бақылау, интернеттегі қауіпсіздігін қадағалау, олармен ашық сөйлесе білу – ата-ананың басты міндеті.
Білім беру мекемелерінде дінтану негіздері, азаматтық-патриоттық тәрбие, сыни ойлау дағдыларын дамыту бағытындағы жұмыстар қажетті деңгейде жүргізілгенде жасөспірім рухани жағынан тұрақты, білімді және саналы болып қалыптасып, кез келген радикалды идеяға қарсы тұра алады.
Экстремизммен күрес – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың міндеті. Қоғамда бейқамдыққа жол бермей, күдікті ақпараттарды, радикалды көзқарастарды уақытылы анықтау маңызды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де халық арасында сауаттылықты арттырып, жалған діни үгіт-насихатқа қарсы тұруы тиіс.
Діни экстремизм – қоғамға қауіп төндіретін, мемлекеттің тұрақтылығын шайқалтатын аса күрделі құбылыс. Онымен күресте мемлекеттің, отбасының, мектептің және бүкіл қоғамның күш-жігері біріккенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Рухани ұстанымы берік, білімді ұрпақ тәрбиелеу – экстремизмге қарсы ең тиімді қару. Сондықтан, діни экстремизммен күрес – баршамыздың ортақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты міндетіміз.
Әбдірәсіл РАХЫМ,
Қаражал қаласы білім бөлімінің «Балалар өнер мектебі» КМҚК мұғалімі, облыстық ПУЛ мүшесі.
