Даналық пен даралықтың үлгісі

Жәйрем кен байыту комбинатында оны білмейтіндер кемде-кем. Әйгерім Серікова ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатарынан. Көліктер цехындағы жеңіл көліктер легінің бастығы, үлкен ұжымның басшысы, қоғам белсендісі және екі бүлдіршіннің анасы күнделікті қызметімен еңбекте гендерлік түсініктің жоқ екендігін дәлелдеп келеді. Тек жауапкершілік, мінез және өз ісіңе деген махаббат қана бар.

Әкесінің ізімен

Әйгерімнің осы мамандықты таңдауы бекерден-бекер емес. Әкесі көп жылдар бойы Жәйрем кен байыту комбинатының көліктер цехында жүргізуші болған. Қазір құрмет демалысында. Әкенің еңбек жолы қызы үшін үлгі болды.

– Бала кезімнен әкемнің қағаз толтырып, есеп беретінін көріп, алыс жолдар, рейстер, жолаушылар туралы қызықты әңгімелерін естіп өстім. Сол кездің өзінде жүрегімнің түкпірінде осы бір әлемнің бір бөлшегі болсам деген қалауым болды, – деп есіне алады Әйгерім.

Жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін Жәйремге оралып, мақсатты түрде көліктер цехына жұмысқа тұрады. Еңбек жолын жеңіл парктің жұмысын бөлуші болып бастады, өтінімдермен және техниканы пайдалануды жоспарлаумен айналысты. Содан кейін аға диспетчер лауазымына ауысты, ал екі жылдан кейін жеңіл көліктер легіне басшылыққа тағайындалды.

Жауапкершілігі мол міндет

Әйгерімнің қоластында – 55 жүргізуші. Бәрі де ер азаматтар. Және осы күнге дейін бір де бірі «бұл жер әйел адамның орны емес» деп айтып көрген жоқ.

– Алғаш келгенде, әрине, жүрексіндім, – деп ағынан жарылды ол. – Жап-жас өрімдей қызбын, жан-жағымда тәжірибелі жүргізуші ер адамдар. Бірақ, мен өзіме іштей «Қолыңнан келеді!» деп қайрат бердім. Және ісіммен дәлелдедім де.

Бүгінгі таңда ол басқарып отырған ұжымы үйлесімді жұмыс істейді. Оның құпиясы қарапайым дейді Әйгерім: әр жүргізушіге көңіл бөлу және құрметтеу.

– Әрқайсысына әртүрлі тәсіл қолдану қажет. Біреуін – қадағалау, кейбіреуіне – сөз беру, тағы бір қызметкерлермен достық қарым-қатынаста сөйлесу жеткілікті. Ең бастысы – адам болып қалу. Мен бастық қана емес, бір жағынан психологпын, – деп күледі ол.

Ер азаматтар цехында Әйгерім Серікованы әр сөзінің салмағы бар басшы ретінде, әр жұмысшыға деген сенімі мен ықыласы үшін құрметтейді.

Бағаланған еңбек

Өткен жылы Әйгерім қалалық «Ару ғұмыр» атты әйелдер байқауында «Үздік өндірісші ару» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, ал биыл Жәйрем кен байыту комбинаты командасының құрамында «Казцинктің» жастар слетіне қатысты.

– Басшылық жұмысыңды көрсе, бағаласа – бұл жігер, күш береді, ынталандырады. Яғни, дұрыс бағытта жүріп келе жатырсың деген сөз. Әрі қарай да оқып, дамып және айналама үлгі болғым келеді.

Отбасы – тірегі және мақтанышы

Әйгерім тұрмыста, жұбайы Серік Нұрқасын Жәйрем кен байыту комбинаты қауіпсіздік қызметінің бастығы. Олар комбинаттың өту дәлізінде танысқан еді.

– Мен жұмысқа орналасуға келген болатынмын, ал Серік рұқсатнамаға қол қойған еді. Осылай тағдырына қол қойған-ау, – дейді күлімсіреп.

Қазір отбасыларында 11 жасар қызы мен бес жасар ұлдары бар. Қызы қолқанат, үй шаруасына, барлығына көмектеседі, ал ұлы «анасының жұмысындағы сияқты» ойыншық машиналарға құмар.

– Отбасы – менің тіреуім, тілеуім және шабытым. Кейде қатты шаршаған кездері соларға қараймын да күш аламын. Олар дың қолдауынсыз бүгінгі биігіме жетпес едім, – деп бөлісті Әйгерім.

Жүректің қылын шерткен домбыра

Жұмыстан кейін қолына киелі қара домбырасын алады. Бала кезінен музыкаға қанып өсті – әкесі де домбыраның құлағында ойнайды. Әйгерім аспапты өз бетінше үйреніп алды. Сүйікті әуендерін, сазды қазақ әндерін жан жүрегімен беріліп отырып орындайды.

Ол – Жәйрем кен байыту комбинаты Жастар кеңесінің мүшесі, КТК ойыншысы және «Өндіріс волонтерлері» қозғалысының белсенді қатысушысы. Комбинатта жұмыс істейтін ағасы Айдоспен және оның жары Мақпалмен бірге көп балалы отбасылар мен қарт адамдарға көмектесіп жүргендеріне бес жылдың жүзі болды.

– Жақсылық жасау – бір реттік акция емес, бұл өмір салты. Балаларыма да осыны сіңіремін – ашық-жарқын болыңдар, көмектесіңдер, мұқтаж адамның қасынан өтіп кетпеңдер деп үйретіп отырамын, – дейді кейіпкеріміз.

Әлемді тербеткен әйел

Комбинатта жұмыс атқарған 12 жыл ішінде Әйгерім жұмыс бөлушіден басшылық қызметке дейінгі жолдан өтті. Ол нәзік жанды әйелдің ерлер ұжымын басқара алатындығын көрсетіп қана қоймай, кәсіпорындағы көптеген жас қыз-келіншектерге шабыт беретін жарқын үлгі.

– Өндіріске келген қыздарға мен әрқашан қорықпа деп айтамын. Біздің компанияда әркім жетістікке жете алады. Тек белсенді бол, үйрен, үздіксіз дамы. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы – өз жұмысыңды жақсы көр. Егер ол саған ұнайтын болса, бәрі ойдағыдай болады, – дейді сеніммен Әйгерім Серікова.

Әйгерім үшін Жәйрем кен байыту комбинаты – бұл жай ғана жұмыс орны емес, нағыз отбасы.

Бұл жерде оны жігер-қайраты үшін, әділдігі мен шынайылығы үшін құрметтейді. Ол көліктер легін ғана емес, команданы, ұжымның уақыты мен ахуалын басқарады. Және сонымен қатар – биік белестер мен жаңа жетістіктерді бағындыруға шабыттандыра алады.

Алена ЕРМОЛАЕВА.

 Фотолар Ә.Серікованың жеке мұрағатынан алынды