Дабыл қағылды – жұмыс жасалды

Жәйрем кентінде күнделікті өмірді қамтамасыз ететін және 24/7 режимінде еңбек ететін ерекше мекеме бар. Ол – «Жәйрем-Болашақ» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын. Бұл ұйымның қызметкерлері мойындарындағы жүктері ауыр, жұмыстары күрделі және шегі жоқ міндеттерді атқарады.
Кентте кәріз жүйесінің бітеліп қалуы, су құбырларының жарылуы сияқты апаттық жағдайлар жиі орын алады. Осындай кезде «Жәйрем-Болашақ» қызметкерлері халыққа қызмет көрсетуді тоқтатпай, мәселені шұғыл шешуге атсалысады. Мысалы, Мамаев көшесіндегі кәріз жүйесінде соңғы бір апта бойы күрделі ақау орын алған болатын. Кәсіпорын мамандары мәселені бірден анықтап, жөндеу жұмыстарын сәтті аяқтады. Жергілікті WhatsApp желілерінде тұрғындар мекеменің жұмысына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жолдады.
Қала әкімдігі мен тұрғындар атап өткендей, халықтың үнін дер кезінде ескеріп, апаттық жағдайларға шұғыл әрекет ету даулар мен шағымдардың алдын алады. «Жәйрем-Болашақ» қызметкерлерінің еңбегі – тұрғындар үшін қауіпсіз және жайлы өмірдің кепілі.
Тұрғындар мен коммуналдық қызмет арасында құрылған сенім – кент өмірінің тыныштығы мен тұрақтылығының негізі. Халық алғысы мен кәсіби жауапкершілік біріккенде ғана апаттық жағдайлар тез және тиімді шешіледі.
Негізі, халық үніне құлақ асу – дау-дамай мен шағымдардың алдын алудың негізгі тәсілі.