Шығармашылық – бүкіл тіршіліктің көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі.
Баланың шығармашылық қабілетін дамытудың жолдарын, құралдарын анықтау психология мен педагогика ғылымдарында өте ертеден зерттеліп келеді. Шығармашылық педагогикасының негізгі мақсаты – бүгінгі күн талаптарынан туындаған, озық қоғамға лайықты жаңа сана, рухани сапа қалыптастыру және дамытуда тың жолдар мен соны шешімдер іздестіру болып табылады. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесін талдау ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды қажет етеді. Егеменді еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық бетбұрыстарына қарай болашақ ұрпақты тәрбиелеуде басты шығармашыл тұлғаны дайындау мектепке дейінгі ұйымнан басталады. Шығармашыл тұлғаны тәрбиелеуде бейнелеу өнерінің орны ерекше. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі деп көрсетілген.
Олай болса, мектепке дейінгі кезеңнен шығармашыл тұлғаны қалыптастыруды дамытуға бейнелеу өнерінің дәстүрден тыс түрлері өз ықпалын тигізеді. Ол көркемдік шығармашыл әрекетінің негізі және оның дамуы болып табылады.
Бала кез келген әрекет барысында ғана емес, тек дамытушы әрекет барысында дамиды. Егер бала үлкендердің көрсеткенін қайталап қана отырса, мұндай әрекет репродуктивті қалыпта болғандықтан нәтижиесі төмен болады. Керісінше, егер бала әртүрлі, үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға белсенділікпен, шығармашылықпен, қызығушылықпен қатысса, ол тез әрі нәтижелі дамиды.
Балалар сурет салғанды өте ұнатады. Бірақ, қарындашпен, фломастермен, бормен, қылқаламмен ғана емес өзінің сүйікті ісіне олар өзге де заттарды пайдаланады. Мысалы: алақан, саусақ, табандарымен, әртүрлі таяқшалар, жіптер, мәуесек, далаппен сурет салуды қызық көреді. Қарапайым нәрсенің жаңаша қызметін ойлап шығарып, оларды бейнелеу өнеріне жаратып, таңқаларық сурет салуға қолдану тамаша дүние.
Бейнелеу өнерінің дәстүрден тыс түрлерінің ішінде көкөніс бастырмасы, жіп графикасы, бір басылымда сурет (монотипия), граттаж сияқты сиқырлы әдіспен сурет салу балаларға ұнайды әрі қызықтырады. Мұндай сабақтарда балалар әрекет етеді, жаңа нәрсені туындатады, өз әрекетінің нәтижесін көреді.
Бейнелеу өнері сабақтарында жұмыс екі негізгі бағытпен жүргізіледі.
Бірінші бағыт – балаларды бейнелеу өнерінің жадығаттарымен жұмыс істеудің жаңа әдістерін үйретуге байланысты.
Екінші бағыт – балалардың қиялын, елестетуін, тілін дамытуға байланысты.
Бейнелеу өнерінің дәстүрден тыс әдістеріне байланысты әрекет екі бағыттың мазмұнын біріктіріп қамтиды және көркем-шығармашылық іс-әрекеттің бірнеше ерекшелігі бар.
1. Мұндай сабақтар балалар мен ересектер арасында мазмұнды, құнды қарым-қатынастың негізін қалайды.
2. Көркем-шығармашылық іс-әрекет қуанышты, көтеріңкі көңіл-күй тудырады, жағымды эмоциялық жағдайды қамтамасыз етеді.
3. Дәстүрден тыс сурет салу әдістері балалардың ұсақ қол қимылын дамытады, сондықтан, оқу жылының басынан бастап-ақ оларды әр сабақта қолдану өте пайдалы. Баланың саусақтары бірден икемге көніп кетпейді, қылқаламмен дәл, нақты сызықты бірден түсіре алмайды. Ұсақ және дәл қимылды дамыту балаға тек өз ағзасын сенімді басқару үшін ғана керек емес. Қолдың ұсақ қимылы миды және оның бақылағыштық, талдаушылық, бұйырғыштық қабілетін дамытады.
Мен өз тобымда дәстүрден тыс жіппен, тамшы, гуашь және ұнды себу тәсілдерін қолдандым. Осының ішінде сулау тәсілімен сурет салар алдында, қағазды таза сумен жалпақ қылқаламның көмегімен жуып алып, қағаз кеппей тұрып түстерді кезек-кезек қағаз бетіне тамызу немесе сүйкеу керек, бояу қағаз бетіне сумен бірге жайылады. Түстерді салатын суретіміздің тақырыбына сай алуымыз керек. Балалар сулау тәсілін пайдаланып сурет салған кезде сары, қызғылт сары, көк, қоңыр түстерді пайдаландық. Бояу сулы қағазға жайылып, ағаштың бейнесі, бұлттың бейнесі сумен бірге қағаз бетіне түсті де ағаштың жапырақтары өте әдемі болып шықты. Бұл тәсілді қолданған кезде балалар өздерінің салған суреттеріне таңдана қарап, сурет салуға деген қызығушылықтары артты.
Қорыта айтқанда, көркем-шығармашылық әрекеті, бейнелеу өнерінің дәстүрден тыс түрлері баланың шығармашылық қабілеттілігін, қиялдауы мен ойлауын, жауапкершілігін, өз пікірін ашық айтуын, дербестігін – барлық қасиеттерінің ашылуы мен дамуына септігін тигізеді. Дәл осы қасиеттер бүлдіршіннің болашақ өмірдегі жетістік формуласының негізі болып табылады.
Ұлжан САТАНОВА,
«Балбөбек» бөбекжайының тәрбиеші,
педагог-сарапшысы.