Әрбір ұлттың ел болып қалыптасу жолында ұстанар діні, өзіндік дәстүрі, басқа ұлттан өзгешелейтін мінез-құлқы және өмір сүру ережесі болады. Әрине, ел болып қалыптасу жолында мұның бәрі маңызды қызмет атқарады.
Бүгінде қазақ елі – діні, тілі, жері, тарихы, салт-дәстүрі орныққан алпауыт ел. Қазақ санасында дәстүр мен дін – егіз ұғым. Екеуінің де қоғамда алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде атқарар маңызы зор.
Ата-бабаларымыздың дін мен дәстүрді бір-біріне ұштастыра отырып, бір деңгейде ұстап, діннің негізінде дәстүр қалыптастырғаны тарих беттерінен байқауға болады. Халқымыздың басынан қаншама қилы кезең төніп, діннен жырақтатқан жағдайлар орын алғанда, дәстүріміз арқылы дінді сақтай білді. Сол арқылы дініміз қолданыстан жырақтағанымен, кеудемізден өшпеді.
Жерлесіміз, зерттеуші, ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыз қазақ мәдениетіндегі ислам дінінің орны туралы: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр», — дейді.
Демек, қазақ халқының санасында дәстүр мен дін әрқашан егіз ұғым боп қалмақ. Әр нәрсені шегінен асырмай, орынды қолдану арқылы біз бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Дәстүр мен діннің жігі – ажыратуға келмейтін дүние. Керісінше, ұлттық құндылықтарымыз бен асыл дінімізді бір-біріне егіз етіп, байланыстыра алғанның арқасында елдік тұтастығымызды сақтап отырмыз. Әрбір қазақ баласы ата жолын жалғап, дінге қарап бой түзеп, дәстүрмен сусындап, тарихымыздан өнеге ала білсе, елдің ертеңі жарқын болары анық.
Қайрат ЖАНСАҒЫМОВ,
Жәйрем кентінің әкімі.