Дәрігер. Волонтер. Белсенді

Жәйрем кенті ауруханасының педиатриялық учаске фельдшері Берекет Мылтықбайұлының есімін кент тұрғындары жақсы біледі десем, қателеспеймін. Сонау, 2011 жылдан бастап осы салада еңбек етіп келе жатқан ол баласы бар әр үйдің құрметпен күтер жанына айналған.

Дәрігер болу, оның ішінде балалар дәрігері болу оңай кәсіп емес. Сенің қолыңда адам тағдыры, нәресте өмірі тұр. Сәл жаңылыс бассаң болды бір тіршілік иесінің жанын қиясың. Жанын қимасаң да қинайсың. Берекет осыны жақсы түсінеді. Өйткені, ол бұл мамандықты өзінің жүрек қалауымен таңдаған.
– Әдетте, мамандықты қалай таңдағаны жайлы әңгіме қозғала қалса көп адам оған жүрек қалауы ықпал еткенін айтып жатады. Бұл негізі рас. Жан-тәніңмен қаламасаң сенен жақсы маман шықпасы анық. Менің де жүрек қалауым осы болды. Әке-шешем, бауырларым ауырып жатқанда дәрігер күтіп қаламыз. Әсіресе, кешегі тоқсаныншы жылдары тіптен қиын болды ғой. Сол кезде мен өзіме дәрігер болуды мақсат етіп қойдым. Сол мақсатыма жету үшін сабаққа да бар ынтамды аудардым. 9 сынып бітіргеннен кейін осы Жезқазған қаласындағы медициналық училищеге келіп, құжаттарымды тапсырдым. Емдеу ісі мамандығына оқуға түстім. Фельдшерлік диплом алып, Жәйрем кентіне жол тарттым, – дейді Бекең өзінің мамандық таңдаудағы сырымен бөлісіп.
Берекет Сейталиев негізі Сыр өңірінің тумасы. Сырда туып, қырда өскен көп ағаларының жолын қуып осы қазыналы өңірге табан тіреп, орнығып алды. Міне, 13 жылдан бері елдің сүйікті дәрігеріне айналған. «Дәрігер» деп дардай етіп айтып отырғаным да тегін емес. Жәйремдіктер Берекет Мылтықбайұлын фельдшер деп емес, кәнігі кәсіби дәрігер ретінде қабылдайды.
Бүгінде учаскелік фельдшердің қарауында 0 жастан 14 жасқа дейін 1461 бала бар. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі бала саны — 105, диспансерлік тіркеуде тұратын бала саны — 114, мүгедектікте тұратын бала саны — 19.
– Соңғы үш жылдықта балалар саны көбеюде. Көп балалы отбасылар саны артуда. Жаңа туған балаларға апта сайын патранажға барып анасына емізу кезінде баланы дұрыс ұстау, жиі емізу керектігі жайлы түсініктеме жұмысын жүргізіп, ана мен балаға бақылау жасап тұрамын. Диспансерлік есепте тұрған балалардың денсаулығын бақылап, профилактикалық іс-ша­ралар жүргізіп, жоспарлы стационарлық және амбулаторлық ем қабылдауына жолдама беріп, бақылаймын. Балалар ауырған жағдайда үйге шақыртуға барып, жағдайын бақылап, ем-дом жүргіземін. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да қатаң бақылауымда болады. Қазіргі таңда ана мен баланың өмірі басты назарда. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау мақсатында жұмыстар жүргіземін. ҚР Профилактикалық күнтізбесіне сәйкес екпе алатын балалары бар үйлерді жағалап екпе алуға шақырамын және оны салуға қатысамын.
2023 жылы қызылша ауруының балалар арасында таралуына байланысты алдын алу шараларын жүргізуге атсалысып, оны қадағаладым. Осы екпенің арқасында жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Бала – еліміздің жарқын болашағы. Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған, – дейді Берекет бізбен әңгімесінде.
Жас маман өзінің кәсіби біліктілігі мен білімін жетілдіріп отыруға да үнемі назар аударып келеді. Өңірде өтетін семинарлардан қалған емес. 2019 жылы 20 қыркүйекте өткізілген «Негізгі реанимация BLS» деген тақырыптағы, 2021 жылы 26 мамырда «Биоматериалды алу, сақтау және оларды микробиологиялық зертханаға тасымалдау» деген тақырыптағы, 2022 жылы 4-10 тамыз аралығында өткізілген «Балалар жасындағы ауруларға ықпал жүргізу» деген тақырыптағы семинарларға қатысып, арнайы сертификаттар алған.
Берекет Сейталиев дәрігерлік қызметімен қоса қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады екен. Ол 2019 жылдан бастап «Өндіріс волонтерлары» тобының мүшесі. Осы еріктілер тобында жүріп ол төсек тартып жатып қалған жалғызбасты қарт-қарияларға азық-түліктерін жеткізіп беріп, газ баллондарын ауыстырып, дәріханадан қажетті дәрі-дәрмектерін жеткізіп беріп отырады.
«AMANAT» партиясының бел­сенді мүшесі. Көптеген кон­ференцияларға қатысып, елі­міздің саяси өміріне де өз үлесін қосуда. 2023 жылы «AMA­NAT» партиясының атынан Жәйрем кентінің депутаттығына сайлауға үміткер болып қатысты. «AMANAT» партиясы «Жәйрем ауруханасы» бастауыш партия ұйымының хатшысы.
Дәрігер, ерікті һәм белсенді азамат Берекет Сейталиев туралы айта берсек әңгіме көп. Оны шағын мақалаға сыйғызу де мүмкін емес. Сәті түскен күні оны да бір мақаламызға арқау етерміз…