«CK-NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы ашылады

Жезқазған қаласында заманауи «CK-NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы ашылады

Қаңтар айынан бастап Жезқазған қаласында заманауи «CK-NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы өз жұмысын бастайды. Бұл – өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба. Академия «Қазақмыс» корпорациясының кеншілері мен металлургтерінің бастамасымен қолға алынып, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат форматында қызмет көрсетеді.

Жоба «СК-НАМЫС» қорының басқаруымен жұмыс істеп тұрған «КАНСК» спорт кешенінің базасында жүзеге асырылды. Академия аясында жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асатын, үш қабатты заманауи спорт нысаны салынды. Нысанның дайындығын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен компания басшылары арнайы барып тексерді. Жобаны іске асыруға салынған инвестиция көлемі 4 млрд теңгеден асты.

Академияның инфрақұрылымы төмендегідей мүмкіндіктерді қамтиды:

* мамандандырылған күрес және жаттығу залдары;

* 150 көрерменге арналған мінбері бар әмбебап ойын залы;

* би залдары;

* 150 орындық жайлы жатақхана.

Академияның басты ерекшелігі – кәсіби спорттық дайындық пен сапалы білім беруді қатар дамытуы. Жас спортшылардың жалпы білім алу процесі Жезқазған қаласындағы №24 мектеппен бірлесіп жүзеге асырылады. Тәрбиеленушілер сол мектепте жалпы білім беретін пәндер бойынша оқиды.

Қабылдау шарттары мен көрсеткіштері:

* жас ерекшелігі – 10 жастан 16 жасқа дейін;

* академияда 150–200 бала білім алады;

* қазіргі таңда Ұлытау облысының Ұлытау, Жезді, Сәтбаев, Жаңаарқа аудандарынан және Қостанай облысының Арқалық қаласынан 152 бала іріктеліп алынды;

* тәрбиеленушілер жатын орынмен, тамақпен және спорттық киім-кешекпен толықтай тегін қамтамасыз етіледі.

«CK-NAMYS» спорт академиясының Жезқазған қаласында іске қосылуы болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды анықтауға және кәсіби деңгейде дайындауға жол ашады. Сонымен қатар бұл нысан қалада ұлттық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Аталған жоба – «Қазақмыс» корпорациясының балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға, өндірістік аймақтарда заманауи әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды әлеуметтік бағдарламасының маңызды бөлігі.