Жәйрем кентінің 50 жылдығына, «Казцинк» компаниясының 25 жылдығына және Металлургтер күніне арналып «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы мүшелерінің арасында қазақ күресінен тамаша жарыс болып өтті. 60, 70, 80, 90, 90+ келі салмақтағы жігіттер боз кілемде белдесіп, мерейі үстем түскен мықтыларға ақшалай сыйлық, дипломдар мен медальдар табысталды.
«Түйе балуан» атағына таласқан 4 жігіттің арасынан үздік шыққан қосалқы көліктер цехының маманы Қайрат Ханафин бүгінгі жеңісін қатарлас келген қос мерейтойға арнайтынын жеткізді.
Жарақаттанып қалса да, соңғы күшін салып жеңіске жеткен полиметалл байыту фабрикасының жұмыскері Жанат Жарқымбетке жарысқа қонақ болып келген ауылымыздың азаматы, ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы кәсіби-даярлық және ішкі істер органдарын басқару кафедрасының доценті, полиция полковнигі Ерғали Қожабеков риза болып, өз атынан сыйлық ұсынды.
Бұл жарыстың бір ерекшелігі – бозкілемде бақ сынасқан жігіттер күреспен мектеп қабырғасында ғана айналысып, бүгінгі таңда өндірістің қиын да күрделі майданында жүрген жұмыскерлер. Жұмыстан бос уақыттарында «Казцинк» компаниясының жәйремдіктер үшін тегін ашып қойған жаттығу залдарынан табылатын азаматтар, шыныменен де, салауатты өмір салтын ұстанатын мықты жандар.
Жалаулы жарысқа қатысушылардың барлығына риза бола отырып, әр басқан қадамдарына сәттілік тіледік.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.